Облыста тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады. Республикалық бюджеттен қаражаттың бірінші бөлігі 23 шілдеде түскен. Жалпы облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, өңірде табиғи апаттан 140 кәсіпкер зардап шеккен. Олардың тек жартысынан астамы ғана облыстық комиссияға шығынды өтеу туралы өтініш білдірген.


Қазіргі уақытта облыс бойынша арнайы комиссияға өтінім берген 44 кәсіпкердің өтініші 900 млн теңгеге мақұлданды. Олардың ішінде 9 кәсіпкердің есепшотына жалпы соммасы 90 млн теңге көлемінде қаражат аударылды. Табиға апаттан зардап шеккен 50-ге жуық бизнес иесінің тиісті құжаттары толық болмауына байланысты өтінімі кері қайтырылған.


ШЫҢҒЫС ЖЫЛҚЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- Кәсіпкерлерге өтемақы шығын көлеміне қарай төленеді. Бизнес иелері бағалау комиссиясының шешімін, сметалық құжаттарын әкеліп тапсыруы керек. Қажет құжаттар тізімі көрсетілген. Барлығын толық тапсырғаннан соң ғана облыстық әкімдікте құрылған арнайы комиссия өтемақы құнын есептеп .


Кәсіпкерлер палатасы МАМАНДАРЫның сөзінше, су тасқынынан зардап шеккен бизнес иелерінің көбі Петропавл қаласынан. Солардың бірі - Татьяна Илени. Оның Ойқала ықшам ауданында азық-түлік дүкені бар. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатқанына 20 жыл болған. Татьяна Михайловнаның сөзінше, ол тасқыннан алғаш рет зардап шекті. Бағалау комиссиясы кәсіпкердің шығынын 5 млн теңгеге бағалаған. Қазіргі уақытта бұл қаражат кәсіпкердің есепшотына түсті.


ТАТЬЯНА ИЛЕНИ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

- Дүкеніме кірген су тым көп болды деп айтпаймын. Бірақ ол көп уақыт тұрды. Сол себептен, еден мен қабырғалар жарамсыз болып қалды. Дүкенімнің төбесі де опырылып түсті. Ғимарат ескі еді. Сол себепті де, шыдас бере алмады. Бізге бағалаушы комиссия 16 мамыр күні келді. Ал 17-сі күні біз жолдасым екеуміз өзіміз едендерді көтеріп, жөндеуді ақырын бастап кеттік. Әлі толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары біткен жоқ. Бірақ жұмысты бастап кеттік. Себебі, шығынға батып барамыз. мемлекет тарапынан бізге уәде етілген ақша аударылды. Сол үшін де рахмет.


Татьяна Иленидің дүкені 13-ші сәуір күні жабылып тек 27 шілде күні қайта жұмысын бастады. Бірақ тауарының жарамдылық мерзімі өтіп кетіп, қоқысқа лақтыруға мәжбүр болған. .Жалпы, облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазіргі уақытта әлі 50 бизнес субъектісіне келген шығын көлемі бағаланып жатыр. Ал тағы 50 кәсіпкер өтемақы алудан бас тартқан.