Татьяна Геворкян - Ойқала шағын ауданының бұрынғы тұрғыны. Тасқын кезінде үйі су астында қалып, комиссия мамыр айында оны тұруға жарамсыз деп тапқан. Осылайша, Татьяна Геворкян 2 ай күтіп «Бірлік» шағын ауданындағы жаңа баспанаға ие болды. Енді тұрғын алдағы уақытта қуанышты жақындарымен бөлісіп, қоныс тойын жасамақ.


Татьяна Геворкянға «Бірлік» шағын ауданындағы жаңа үйдің кілті 27 шілде күні табысталды. Баспана тұрғынның көңілінен шыққан. Енді ол, үйдің жан-жағына гүл егіп, жеміс ағаштарын отырғызбақ.


ТАТЬЯНА ГЕВОРКЯН, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Петропавлда тасқын болып, үйім су астында қалған кезде мен Ресейде болдым. Жаңалықты БАҚ-тан, жақындарымнан біліп отырдым. Кейін 1 аптадан кейін елге келдім. Бізге таңдау берілген кезде,осы «Бірлік» ауданындағы жер үйді таңдадық. Жаңа үйіме жақын болсын деп емханаға да жұмысқа орналастым. Автобуспен барып келемін. Ең бастысы, ыңғайлы, өзіме ұнайды.


Тұрғынның бұрынғы баспанасының ауданы 28 шаршы метр болса, қазіргі үйінің ауданы 80 шаршы метр. Яғни, бұл ескі үйінен шамамен 3 есеге үлкен. Татяьяна Геворкян қазіргі таңда 100 АЕК көлеміндегі жәрдамақыға үйіне қажетті керек-жарақтың біразын сатып алған.


ТАТЬЯНА ГЕВОРКЯН, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Мұнда барлығы керемет. Үйде керекті жиһаздың біразы бар. Газ плитасы, кір жуу машинасы, тоңазытқыш және үстел мен орындықтар бәрі дайын тұр. Бұл біз үшін үлкен көмек. жаңа үйіме бүгін алғаш рет түнеймін. Жаңа баспанада жаңа өмір басталып, қуаныштар көп болады деп ойлаймын. Мемлекет басшысына, әкімдікке көп рахмет. Құрылысшы жігіттер де жақсы жұмыс істеді. Оларға да шексіз алғысымды білдіремін.


Айта кетейік, «Бірлік» шағын ауданыда 700 баспана салынады. Қазіргі таңда 200-ден астам үй пайдалануға берілді.


Аснурия Абдула