Елде жыл сайын әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылар үшін «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Биыл 10 мың 879 балаға қолдау көрсетілмек. Бұл мақсатқа 472 млн теңге жұмсалады.
Былтыр акция аясында 404 млн теңге қаражат бөлініп, 15 мыңнан астам оқушы қамтылған. 10 мыңға жуығы бюджет қаражатына, ал қалғаны демеушілік қаражатқа көмек алды.
ДИНАРА РАҚЫШЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу үшін жыл сайын «Мектепке жол» акциясында өткізіледі. Биыл қайырымдылық акциясына ерекше назар аударылып, «Жақсылық жаса» ұранымен жалғасуда. Жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Аазматтар 46-13-60 және 46-32-69 нөміріне хабарласа алады.
Биылдан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсету мемлекеттік қызмет болып есептеледі. Бір жолғы материалдық көмектің мөлшері 43 мың 407 теңгені құрайды. Жәрдемақы төлеу балалардың 5 санатына жүзеге асырылады. Бүгінде облыста біржолғы жәрдемақы алуға 10 мың 879 оқушы тізімде тұр.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Жәрдемақы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасыдан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған жанұядан шыққан балаларға беріледі.
Өткен жылы 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға жергілікті бюджеттен ақша бөлінген еді. Биылғы оқу жылында 37 мың бала, оның ішінде 30 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Олардың арасында тасқанда зардап шеккен отбасылардың балалары да бар.