Петропавл қалалық ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері облыс орталығында түнгі рейдтік іс-шара жүргізді. Бұл - үш күндік «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылды. Оған инспекторлардан бөлек облыстық мәслихат депутаттары да қатысты.


- Нахождение несовершеннолетнего лица вне жилища без сопровождения законных представителей.


Түнге жақын рейдтік топ орталық мәдениет және демалыс саябағының кіреберісінде, сондай-ақ жақын маңдағы аумақта бірқатар тексерулер жүргізді. Нәтижесінде стационарлық полиция пунктіне сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерсіз көшеде әр түрлі себептермен жүрген кәмелетке толмаған бес жасөспірім жеткізілді. Балалармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді, ересектерге ескерту түрінде жауапкершілік шарасы қолданылды. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда ата-анаға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді. «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ювеналдық полицейлер күн сайын рейд өткізеді.


АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:

- Түңгі қаладағы балалар республикалық профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері облыстық маслихат депутаттарымен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың түңгі уақытта заңды өкілсіз болуын анықтау мақсатында рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар полицияның стационарлық бекетіне жеткізіліп, ата-аналары ҚР әкімшілік құқықбұзушылықтары туралы кодексінің 442 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


«Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күні ішінде балаларды түнде қараусыз жіберген 68 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жеткіншектерді тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті түрде атқармаған 14 ата-ана жазаланды.


ОЛЬГА КЛИШИНА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

- Менің ойымша, мұндай іс-шара біздің қала үшін өте маңызды. Негізінде, ата-аналар осындай тексерістерге түсіністікпен қарайды. Балаларын алып кетуге келген кейбір ата-аналар тіпті полиция қызметкерлеріне алғыстарын да айтып жатты.


Полицейлер жазғы демалыс уақытында ата-аналарды кәмелетке толмағандардың өз бетімен түнде жүруіне жол бермеу, суға шомылатын орындарда қараусыз қалдырмау, оларды жалғыз жібермеу, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертеді.