Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жарасбай Сүлейменовтың 75 жасқа толуына орай «Парасатты қаламгер» атты әдеби кеш өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер мен қаламгердің шәкірттері қатысты.


Әдеби кешке жазушының қызметтегі әріптестері мен замандастары да да келді. Соның ішінде Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі, ақын Марал Зейнел-Ғабиқызы да бар. Ол қаламгермен бір мектепте оқыған екен.


МАРАЛ ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ, ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН:

- Мінекей бұл кісі 75 жасында қаншама мақалалар жазып, қаншама әңгіме повестьтер жазған кісі. Бір жағынан қоғам қайраткері. Мәжіліс депутаты болған кезде бұл кісі осы Қызылжар қаласының ежелгі атын қайтару үшін мәселе көтерді. Біз сондай риза болдық.


Іс-шарадан бөлек кітапхана төрінде «Көркемсөздің майталманы» атты көрме ашылған. Ол жерге жазушының кітаптары қойылған. Әдеби кеш барысында облыстық «Qyzyljar» телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық Жарасбай Сүлейменовті мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.


ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ:

- Ол кісінің істеген істері өлшеусіз, біздің облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетін өркендетті. Міне бүгінгі күні он мың дана тиражбен тарап отыр. Оның өзі сол газеттің сапалылығының, оқылымдылығының көрінісі. Одан басқа республикалық “Мағжан” журналын жүргізіп отыр.


Әдеби кеште қаламгермен қызметтес болған әріптестері жылы естеліктермен бөлісіп, арнау өлеңдерін оқыды.


ЕРЛАН ЖҰМАХАН