Петропавлдағы «Бірлік» ықшам ауданында тасқын судан зардап шеккендер үшін 700 баспана салынып жатыр. Бүгінгі күні 53 отбасыға жаңадан салынған үйлердің кілті табысталды. Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй қолданысқа берілмек. Бүгінде «ALASH PARK» ЖШС мен «СК-Пилон» компаниясы бірлесіп салып жатқан 5 үйдің құрылысы аяқталуға жақын.


Қос кәсіпорын барлығы 12 үйдің құрылысына жауапты. Қазіргі таңда 7 үй тұрғындарға қолданысқа берілген. Ал 5 баспананың құрылысын 12 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жалпы, жұмысқа 180 адам және 5 техника тартылған.


АЛМАЗ ЖОЛДОҒҰЛОВ, «ALASH PARK» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  Енді тек ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалды. Тұрғындар да өздеріне керекті заттары мен мүліктерін әкелу үстінде. Олардың бізге шағымы болмас үшін мамандар әрбір үйдің сапасын жіті тексеріп, жұмыстардың жүйелі жүргізілуін ұдайы бақылап отыр.


Бүгінде құрылыс алаңында 60-қа жуық адам жұмылдырылған. Оның ішінде электрик, сантехник мамандар да бар. Оған қоса, техникалық қадағаушылар да құрылыс барысын тексеріп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.


АЛМАЗ ЖОЛДОҒҰЛОВ, «ALASH PARK» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Біз қолданып жатқан өнімдердің бәрі – отандық. Осы ретте еденді жылыту үшін қос қабатын да қалың етіп төседік. Бірінші қабатының тығыздығы 80 болса, екіншісі 100. Оған қоса, үйдің төбесі де талапқа сай етіп жылытылды, шатырды 4 қабат етіп, 20 сантиметр қалыңдықта жаптық.


Қазіргі таңда шағын ауданда 90 орынға шақталған балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса, «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп те бой көтермек.