Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Петропавлдағы Смағұл Садуақасұлы атындағы №2 орта мектепте мерекелік іс-шара өтті. Оған 50-ге жуық оқушы қатысып, еліміздің басты нышандары жайында викториналық сұрақтарға жауап берді.


Сайысқа мектеп жанындағы жазғы алаңға барып жүрген бастауыш сынып оқушылары қатысты. Ұстаздардың айтуынша, балалар ойын арқылы мәліметті жақсы есте сақтайды. Сондықтан олардың Қазақстан тарихы мен Мемлекеттік рәміздерге қатысты білімдерін нығайту үшін викторина ойнатылды.


- 3 сынып оқушысымын. Мемлекеттік рәміздер туралы сұрақтарға жауап бердік. Маған сайыс қатты ұнады.


- Бүгін мектепте Мемлекеттік Рәміздер күніне арналған іс-шара өтіп жатыр. Мен білмеген бір екі сұрақ болды. Енді олардың жауабын білетін боламынн. Викторина қызықты өтті.


Бастауыш сынып мұғалімі Нәзира Ақсанованың сөзінше, балалар мектепке алғаш келген күннен бастап еліміздің мемлекеттік рәміздерімен танысады. Нышандағы әр белгінің нені білдіретіндігі, авторлары айтылады. Сондықтан да бүгінгі викторинадағы сұрақтарға оқушыларға қиындық тудырмады.


НӘЗИРА АҚСАНОВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:

- 4 маусым Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Смағұл Сауақасұлы атындағы мектепте тәрбие сағаты өтіп жатыр. Сынып сағатының тақырыбы «Мемлекеттік Рәміздер күні» деп аталады. Осыған орай викторина да ұйымдастырылып, оған әртүрлі жастағы балалар қатысты.


Мектеп жанындағы жазғы алаңда демалысты көңілді өткізіп жатқан балалар үшін ауқымды бағдарлама жасалған. Оқушылар білімдерін жетілдірумен қатар, қаладағы көрікті жерлерді аралап, музей-кинотеатрларға бармақ.


Ерлан Жұмахан