Тасқынан зардап шеккендерге арналған баспаналар тұрғызылып жатқан Солнечный-2 шағын ауданында балабақшаның құрылысы басталды. 90 орынға шақталған әлеуметтік нысан қыркүйек айына дейін пайдалануға берілмек. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шағын ауданында болып, атқарылып жатқан жұмысты көрді. 


Алдымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Конституция көшесімен жүріп өтіп, қалаға кіре беріс жерлерді аралады. Облыс әкімі жауапты мекемелерге қаланы тиісті деңгейде абаттандыруды тапсырды. Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов Солнечный 2 шағын ауданындағы тасқын судан зардап шеккен азаматтарға салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Мен құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізіліп жатқандығына сенімдімін. Жұмыс барысын қадағалайтын арнайы комиссия бар. Бірінші кезекте 100 үйді қолданысқа беруіміз керек, одан кейін тағы 100 үйді, осылайша кезек-кезекпен тапсырамыз. Жалпы біз 700 үйдің құрылысын қыркүйек айына дейін аяқтауға тиіспіз. 


Қазіргі таңда арнайы бригадалар ең алғашқы жүз үйдің айналасын абаттандырып жатыр. Ойын алаңдары салынады. Мұнда футбол, баскетбол мен воркаутқа арналған алаң бой көтереді. Көшелерге шамдары орнатылды. Облыс әкімі де көгалдандыруға үлес қосып, көшеттер отырғызды.


Қазіргі таңда 53 үй қолданысқа берілуге дайын тұр. Өңір жетекшісі баспаналардың біріне кіріп үйдің сапасын тексерді.


Бұдан кейін облыс басшысы бүгін балабақшаның құрылысы басталған алаңда болды. Оның жалпы көлемі 1090 шаршы метр. Мердігер компания «Мирас Groop» ЖШС. 90 орындық балабақша қыркүйекке дейін қолданысқа берілуі тиіс.