И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың жанынан құрылған «Sana» әдеби-музыкалық клубы «Тіл – ұлттың мінезі» атты лингвистикалық кеш ұйымдастырды. Осымен 5-ші рет өткізілген отырыста тіл мәселесі көтеріліп, оған қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ алғашқы жартыжылдықта атқарылған істер сараланып, қорытындыланды.


Мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеруге Ұлттық ұлан академиясының курсанттары да айтарлықтай үлес қосып келеді. Оқу орнының маманы Самал Есімсейітованың айтуынша, Ұлттық Ұлан академиясында тек қана мемлекеттік тілде оқытатын топтар бар. Және оның қатары жыл сайын артып келеді. Оған қоса, әскери қызметшілер «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты республикалық байқауынан да қалыс қалған емес.


САМАЛ ЕСІМСЕЙІТОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНЫ:

- Сабақтарды беріп қана қоймай, міндетті түрде жүйе бойынша жыл сайын әскери қызметшілер осы тестілеуден өтіп отырады да, өздерінің білім деңгейін нақтылап, қолдарына сертификат алады. Жаңағы қазақ оқу топтарында профессор оқытушы құрамның бірқатары өздерінің сабақтарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Және де ғылыми жұмыстарын және өздерінің күнделікті сабақтарына қатысты ғылыми жобаларын да мемлекеттік тілде жазып, қорғап жатыр.


Жиында айтылған ұсыныстардың бірі - мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілін білу талабын күшейтуге қатысты болды. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді цифрлы кеңістіктегі рөлін арттырумен байланыстыру аса маңызды екені де айтылды.


АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, И. ШУХОВ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Қазақстанда қандай жаңалықтар болып жатыр осы тіл мәселесіне байланысты сондай сұрақтарға осы жерде отырған біздің барша келушілеріміз ой-пікірлерін айтады деп ойлаймын. Себебі, тіл -ұлттың мінезі деп айтамыз. Ұлттық мінез ол адамдардың жүріс-тұрысына, үйреншікті іс-әрекеттеріне, өзінің мәдениетіне байланысты адам өзінің мінезін солай қалыптастырады.


Жиын барысында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда тарих, мәдениет, тілге қатысты материалдар ұсынылды. Сондай-ақ лингвистикалық кешке қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.