Қызмет барысында және төтенше жағдайлар кезінде ерлік пен кәсібилік танытып, адамдардың өмірін құтқарып қалған солтүстікқазақстандық полицейлердің ата-аналарына облыстық полиция департаментінде құрмет көрсетілді. Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан бірқатар полицей СҚО әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.


Өткен жылғы жаз бен биылғы жылдың мамыр айы аралығында полицейлер өз өмірлерін қатерге тіге отыра адамдардың өміріне араша түсті. Олар - Петропавл қ. полиция басқармасының құрамындағы патрульдік полиция батальонының үш инспекторы және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің жедел уәкілі.


АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

- Ұл-қыздарыңыздың батыл әрекеттерінің барлығында Сіздердің де үлестеріңіз бар. Түн ұйқысын төрт бөліп, күн сайын балаларының нағыз азамат болып өсуіне зор еңбек сіңірген ата-аналарға ризашылығымызды білдіреміз. Осындай қуанышты күнде полиция департаменті басшылығының және жеке құрамының атынан Сіздерді құттықтауға рұқсат етіңіздер!


Ерген мен Күләй Қошмағамбетовтер – полиция аға лейтенанты Жәнібек Әнуарбековтің ата-анасы. Ол 2023 жылдың қараша айында әріптесі полиция старшинасы Қанат Балтабаевпен бірге жанып жатқан үйден отбасылық жұпты құтқарып алды, іле газ баллонын да алып шықты. СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов Ерген Әнуарбекұлы мен Күләй Жұмағалиқызына және Қанат Балтабаевтың анасы – Бибігүл Аманбайқызына ұлдарын нағыз лайықты ер азамат етіп тәрбилегендері үшін алғысын айтып, халық пен мемлекет игілігі үшін мінсіз қызмет атқаруын тіледі.


БИБІГҮЛ БАЛТАБАЕВА, МАМЛЮТ АУДАНЫ, ҚЫЗЫЛӘСКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Сол балам осындай не неткенде қуанып, қуаныштан төбем көкке жетіп, қуаныштан толқып тұрған жайым бар. Рахмет сіздерге. Ұжымға да рахмет. Балам Астанаға барып медалін алып келді. Бәріміз соған қуаныштымыз.


Өткен жылы күзде Есіл өзенінің мұздай суынан әйелді құтқарып алып шыққан полиция лейтенанты Олег Головиннің анасы Евгения Головинаға да полиция департаментінің басшылығы алғыс айтты. Салтанатты жиынға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің жедел уәкілі Өмірсерік Бірімнің анасы Орынбасар Күнқаева да келді. Оның ұлы он күн бұрын аудан орталығы Новоишимское ауылында өртеніп жатқан үйден 85 жастағы зейнеткер әжейді құтқарып қалды.


ОРЫНБАСАР КҮНҚАЕВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАН, ПРИВОЛЬНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен өте қуаныштымын. Баламның адамдарға осындай жақсылық істегеніне, еңбегіне адал болғанына. Әр уақытта жолда ашық болып, өмірінде тек жақсылық болса екен деп тілеймін. Әрбір ана баласына жақсылық тілейді ғой.


Сонымен бірге, су тасқыны кезінде белсенді қызмет атқарған полиция департаментінің инспекторы Мақсат Медетов, Петропавл қ. полиция басқармасының қызметкерлері Айнагүл Омарова мен Ерболат Елубаев, полиция лейтенанты Темірлан Аманжолов және полиция лейтенанты Дәурен Байтұяқов СҚО әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.