Теріскейге көшу: Қоныстандыру бағдарламасына қандай жаңашылдықтар қажет? Петропавлда осындай тақырыпта «Шуақ» қоғамдық қорының «N шеңберінде» жобасы аясында ашық талқылау өтті. Қатысушылар көші-қон мәселесіндегі қиындықтарды талқылап, шешу жолдарын ұсынды.


«PAPERLAB» зерттеу орталығының басшысы Серік Бейсембаев 6 жылдан бері миграция мәселесін зерттеумен айналысып келеді. Зерттеушінің мәліметінше, «2017-2021» жылдары аралығында Оңтүстіктен Солтүстікке 12 мың адам көшіп келген. Оның 10 мыңнан астамы өңірде тұрақтаған.


СЕРІК БЕЙСЕМБАЕВ, «PAPERLAB» ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ:

- Көшіп келген жандар өз мәселелерімен өздері қалмауы керек. Мұңы мен шағымын жоғарыға еркін жеткізе алатындай мүмкіндігі болуы керек. Екіншіден, олар өздерінің үлесін қоғамдық салаға қосып, осы аймақтың тұрғыны ретінде сезінуі керек. Яғни, қазір үй, жұмыс мсәселесі бойынша көмек көрсетіледі. Ал, жалпы ортаға, әлеуметтік мәдени ортаға сіңістіру жағы толық қарастырылмаған.


Бурахан Дақанов Солтүстікке 3 жыл бұрын Жетісу облысынан көшіп келген. Ол «Тәуекел» атты қоғамдық бірлестік құрған. Осылайша, 1 жарым жылдан бері облыстағы көші-қон мәселесін шешуге атсалысып жүр.


БУРАХАН ДАҚАНОВ, «ТӘУЕКЕЛ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Ұсыныстардың ең бастысы- бізге көші-қонды реттейтін жаңа структура керек. Солтүстікке көшіп келген адам өз еліңе қайта кетіп қалуы мүмкін.Оның себебін көші-қон комитетінің бастығынан сұрасақ ол жауап бере алмайды. Себебі, үй,субсидиция, жұмыс берілді. «Басқа не керек?», -деген сұрақ.


Петропавлда Мұндай ашық талқылау алаңы «N шеңберінде» жобасының жетекшісі Рүстем Армановтың бастамасымен алғаш рет өтті.