Петропавлдағы Ойқала ықшам ауданында су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл жерде 1383 үй су астында қалған болатын. қазіргі уақытта тасқынның салдарымен күреске Петропавлдың және Ғ.Мүсірепов, Тайынша және Уәлиханов аудандарынан келген мехбригадалар жұмылдырылған.


Ғ.Мүсірепов атындағы аудан Ойқала шағын ауданындағы 166 үйге жауапты. Қазіргі уақытта бұл баспаналардың барлығына техникалық бағалау жүргізіліп, оның 65-і апатты деп танылды. Ауданнан 35 адамнан тұратын 5 мехбригада келген. Олар бес үйді судан кептіріп жатыр. Жақында қайта қалпына келтіру жұмыстарына кіріспек.


ЕРЛАН АМАНЖОЛОВ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біздің аудан Урицкий көшесінен Дубынин көшесіне дейінгі үйлерге жауапты.Барлық баспанаға техникалық бағалау жүргізілді. Қазір тек оның нәтижесін күтіп отырмыз. Ал бағалаудың қорытындысы шыққан үйлерге тиісті қаржы бөлініп, құрылыс материалдарын алып бастадық.


Ойқала ықшам ауданында тасқыннан зардап шеккендердің бірі Калюжная 27 мекенжайында тұратын Анатолий Плешаковтың үйі. Оны бағалаушылар тұруға жарамды деп таныпты.


АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, ОЙҚАЛА ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Біздің үйге күрделі жөндеу жасалады деп шешті. Күні кеше ғана кептіру жұмыстары басталды. Үш аптадан бері техникалық бағалау нәтижелерін шығармады. Мехбригада осы уақытқа дейін ешқандай жұмысты бастай алмай жүрді. Себебі, қаржыландыру болған жоқ. Жөндеу тым ұзаққа созылып жатыр. Бірақ, барлығы жақсы болады деп үміттенеміз.


Айта кетейік, Ойқала ықшам ауданында жалпы 1383 үй су астында қалған болатын.