Петропавлдық Аяжан Қойшыбай шетелдік туындыларды қазақша сөйлетіп жүр. 20 жастағы қыздың арманы аниме арқылы ана тілінің қолданыс аясын кеңейту. Бүгінде анимемен қатар, шетелдік танымал фильм, мультфильмдерге дубляж жасап әрі дыбыстаумен де айналысады. Instagram мен TikTok-та қолдау тапқан Аяжанның хоббиі жайында аймақтағы тілшіміз дайындаған бейнематериалда.


- Аяжан, алғаш рет дыбыстап жатқан адам үшін қалай енді, көңілден шықты ма?

- Журналистік стиль байқалады бірақ оқығанда бәрі жақсы.


Аяжан Қойшыбай үш жылдан бері әлеуметтік желіде қысқа анимелердің үзінділерін дыбыстаумен айналысады. Оның бұл бастамасы көрермендердің қызығушылығын тудырып, Dopamine Voice дубляж студиясында жалғасын тапты. Бастапқыда мәтінді телефон немесе құлаққап микрофонының көмегімен оқып жүріпті. Қазір дыбыстауға ыңғайлы арнайы микрофонды қолданады.


АЯЖАН ҚОЙШЫБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Алғашқы енді үлкен жұмысым ол – «Титандар шабуылы» атты аниме болатын. Мен онда Микаса Аккерманды дыбыстадым. Өте қиын болды. Дауысым келмейді ма деп ойладым.

- Негізі халық қазақ контентін қатты күтеді. Жақсы көреді. Дегенмен өкінішке қарай, бізде қазақша сапалы контент өте аз.


АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ

- Қазір Аяжан «Сон Джені ұста да қаш» атты дораманы дыбыстап жатыр. Жалпы күні бүгінге дейін 10-нан астам кейіпкерді қазақша сөйлеткен.


Кейіпкеріміз шығармашылыққа бала күнінен құштар. Әжесінің қолында өскен ол қаршадайынан сериалдардағы әртістердің дауысын айнытпай салады екен. Анасының айтуынша: оның тілі ерте шығып, үш жасында ән шырқаған.


САМАЛ ҒАБДУЛЛИНА, АЯЖАННЫҢ АНАСЫ:

- Аяжанның осы дыбыстау өнерін 6 жасында байқадық. Біздің телефонымызды алып видео түсіретін. Ауылда тұрған соң, маңайдағы жан-жануарды видеоға түсіріп салады. Есімде қалғаны есік алдында бірнеше бие құлыншағымен жүргенде: «Анашым мен бұл суды ішкім келеді. Жоқ қызым бұл суға барма, су лай!» – деп. Осылай ең алғашқы виделары басталған.


Қазір Аяжан дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатыр. Dopamine Voice дубляж тобының құрамында жүріп бес жобаны дыбыстаған. Дауысынан танып, алғыс айтатын жанкүйерлері де жоқ емес. Дарынды қыз әрі қарай да қазақ тіліндегі контентті дамытпақ ниетте.