Петропавлда су тасқының алдын-алуға арналған кезекті іс-шара өтті. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мен қалалық жастар ресурстық орталығының 15-ке жуық еріктісі үй-үйді аралап өтті. Ондағы мақсат – қауіпсіздік ережелерін еске салу.


Былғары зауыты, Заречный және Жұмысшы кенттері қаладығы су басу қаупі жоғары аудандарға жатады.Сондықтан, мұндағы тұрғындар табиғи апатқа дайын болып, сақтық ережелерін білгендері абзал.


САЯН АХМЕТЖАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТЖБ БАС МАМАНЫ:

- Су кіру немесе су басу қаупі туындаған кезде ең алдымен 112 нөміріне хабарласыңыздар. Міндетті түрде электрқуатын өшіру қажет. Өздеріңізбен бірге жеке құжаттарыңызды алыңыздар.Біз түсіндіру жұмыстарымен барлық тұрғындарды қамтимыз.


Апат кезінде тұрғындарға көмек беретін жастар ресурстық орталығының штабтары өңірдің барлық аудандарында орналасқан.


ДАМИР АБДИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біз бүгін жадынамалар таратуды Заречный кентінен бастадық.Бұл кентте 60-тан астам үйді қамтимыз. Мұндағы үйлер Есіл өзенінің қасында орналасқан. Жыл сайын өзеннің су деңгейі көтеріліп, тұрғындарды біраз әбігерге салатыны рас. Жалпы, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек беруге әзірміз. Жұмысшы кентінде және қалалық жастар ресурстық орталығында арнайы штабымыз бар.


Су тасқынының алдын-алуға арналған іс-шара 25-сәуірге дейін жалғасады.