Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында – жаңа премьера. «Толқынды арпалыс» атты тың туынды алдыңғыларынан мүлдем бөлек, өзгеше. Себебі, пластикалық қойылымды облыстағы ерекше шығармашыл топ «Sensitive» би театры сахналады. Спектакль орыс жазушысы А. Гриннің «Алқызыл желкендер» повесінің желісі бойынша қойылды.


 Адам армандағанда толқын көтеріледі. Ал адамға бәрібір... Ол толқынға қарсы жүзеді, толқынды кесіп өтіп арманына жетеді. «Sensitive» би театры ұсынған көріністің негізгі идеясы осыған саяды. Туынды орыс жазушысы, ақын Александар Гриннің «Алқызыл желкендер» повесіне негізделген. Жалпы, жаңа сахналық қойылымды тамашалауға келген театр сүйер қауымның қарасы қалың.


ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл қойылым Толқынды арпалыс деп аталғанның өзінде де есту қабілеті шектеулі жандардың ішкі жан-дүниесінің арпалысын көрсеткендей. Қойылым барысын сіздер қазір көрген кезде өздеріңіз түсінесіздер. Керемет, 1 сағат он минут жүреді қойылым. Бұл труппаның ұжымы қауырт жұмыс атқарды. Өйткені, бұл үлкен еңбекті талап етеді.


«Толқынды арпалыс» пластикалық қойылымының жоба авторы, «Sensitive» би театрының жетекшісі Ольга Ростовщиков. Режиссер хореографы – Корей театрының балетмейстері, Анна Цой. Ол осы ерекше спектакльді қою үшін Алматыдан арнайы келген. 1 айдан аса уақыттың ішінде 10 шақты актердің басын қосып, сапалы, тұшымды дүниені халыққа ұсына білді.


ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

- Пластикалық актерлік шешіммен халыққа жеткізу, ұсыну бұл жерде олардың сөйлемесе де, пластикамен байланыстырып, актерлік шеберлікті өздерінің үлкен шешімімен, Аннаның қойған режиссерлік шешімімен байланыстырып қойылған дүние. Сондықтан біз бүгінгі қойылыммен мақтанамыз. Өйткені, бұл жалғыз Қызылжар елін қуантса да, әлі алдағы талай-талай додаларда бақ сынап, үлкен жеңіспен оралатынына біз кәміл сенімдіміз!


«Толқынды арпалыс» қойылымын «Sensitive» би театры көрермен назарына алғаш ұсынып отыр. Барлық мазмұны тек би арқылы берілетін спектакль жоғары деңгейде болып, актерлер өз рөлдерін шебер сомдады.