Өңірде тасқын су республикалық маңызы бар жолды шайып кетті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Кирилл Иванниковтың сөзінше, соңғы тәулік ішінде өңірдегі 3 жолды су басқан. Бүгінде 2 жерде жағдай жақсарған. Тек республикалық маңызы бар трассаның Тайынша ауданындағы бөлігінде әлі су тұр. Жағдаймен танысу үшін ауданның әкімі мен бас құтқарушысы Аққұдық ауылының маңына жол тартты. Бүгінде аймақтың қауіпті учаскелеріне мамандарды жіберу жұмысы жалғасып жатыр.
КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Бүгін Петропавлдан Уәлиханов ауданына мамандар аттанды. Олар жергілікті қызметкерлерге көмектесетін болады. Біз өңірдегі ахуалды тәулік бойы бақылауда ұстаймыз. Әр жерде кезекшілік атқаратын топтарымыз бар. Айта кету қажет, қазір облыста 280 астам техника апаттың алдын алу жұмысымен айналысып жатыр.