Петропавлда күй тартыс жобасының негізін қалаушы, тәлімгер ұстаз Серікбай Қабжанұлын еске алу мақсатында Төртінші республикалық «Домбыра-дастан» дәстүрлі күй тартыс байқауы өтті. Сайысқа колледж студенттері және музыка, өнер, дарын мектептерінде оқитын домбырашылар қатысты. Мақсат: өңірде ұмыт болған күй тартыс байқауын жандандыру және жастардың қазақтың төл өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.


Күй жарыста домбыраның құлағында ойнайтын 25 жас бақ сынады. Сайыс шартына сәйкес олар жұп болып 10 күйді кезектесіп мүдірмей ойнап, көрермендердің делебесін қоздырды. Жарысқа Ақтөбе облысынанда өнерпаздар келген. Еркебұлан Нәржу Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде оқиды. ол 6 жылда 50-ге тарта күйді жаттап алған. Домбырашы бұған дейін де облыстық байқауларға қатысып, үздік атанған.


ЕРКЕБҰЛАН НӘРЖУ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ:

Бүгінгі конкурсқа деген дайындық жақсы. 10 күйдің барлығын толық білемін. Құрманғазы, Сейтек, Қазанғап деген күйшілердің күйлерін орындаймын. Мен бүгінгі конкурсқа 2 ай дайындалдым. 5-сыныптан бері осы домбыра мектебіне қатысып келе жатырмын.


Бәсі биік бәсекеде облысымыздың аудандарынан 10-ға жуық домбырашы өнер көрсетіп, Дина, Құрманғазы, Сейтек сынды дүлділ күйшілердің шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Солардың бірі Ақжар ауданынан келген жас дарын – Әнуар Байназар. Оның «Серпер» өнер мектебінде домбыра пәніне қатысып жүргеніне 6 жыл болған. Сондай-ақ күйші осыған дейін республикалық деңгейде өткен күй тартыстарда топ жарған.


ӘНУАР БАЙНАЗАР, «СЕРПЕР» ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

Дайындығымыз, негізі жақсы. Әр күн дос баламмен дайындалдық. Жеке де дайындалдым. Онымен қосылып, күй тартысқаным да бар. Екеуміз күй талдағанымыз да бар. Солай қиындықтардан өтіп, күйді жаттап, талдап, жаттадық солай.


Байқауда Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Тараз, Орал, Маңғыстау - барлығы 6 облыстан келген 12-17 жас аралығындағы өнерпаздар шеберліктерін сынады. 2 кезеңнен тұрған сайысқа Алматы қаласынан арнайы келген «HasSak» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Ержан Жәменкеев төрелік етті. Жалпы, ереже бойынша, бірінші айналымда 5 күйді жаңылыспай орындаған домбырашылар келесі кезеңде де тағы 5 күйді мүдірмей тартуы тиіс.


ТҰҢҒЫШ БЕКЕНАЙҰЛЫ, «СЕРПЕР» ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДОМБЫРА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:

- 19 бала мектепаралық жұпқа қатысып жатыр. 7 бала бізде колледжаралық жұпқа қатысып жатыр. Сондықтан Дина Нұрпейісова, Сейтек, т.б. көптеген композиторлардың шоқтығы биік шығармаларын дайындап алып келіп, осы 10 күй бойынша күй тартыс өткізілетін болады. Әділ-қазы алқасының бірі Көкшетау қалсынан келіп бізге күй тартысқа әділдікке ат байласып қатысып жатыр.


Жарыста оза шапқан жас домбырашылар арнайы диплом, кубок, медальдармен марапатталды.