Петропавлда шаңғы спортынан Қазақстан Республикасының кубогі өтті. Жарысқа еліміздің 10 облысынан келген 110-нан астам спортшы қатысты. Жеңімпаздар енді Финляндияның Лахти қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алып, ел намысын қорғайды.


 2 күнге созылған сайыс қаланың Борки кентінде өтті. Оған еліміздің 10 өңірінен келген кіл мықтылар қатысты. Спортшылар шаңғы спортының еркін және классикалық түрі бойынша сынға түсті. Сайыс ережесі бойынша әйелдер 10 шақырымды, ал ерлер 15 шақырымды бағындыруы қажет.


АЛЕКСАНДР ТКАЧУК, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

-  Солтүстік Қазақстан облысында осыдан 90 жыл бұрын, дәл осы жерде алғашқы чемпионаттар өткен болатын. Ал, Қазақстан тәуелсіздігін алғалы осындай ауқымды сайыс алғаш өтіп жатыр. Жалпы, жарысқа барлығы 110-ға жуық спортшы қатысты. Оның 40-қа жуығы әйел болса, қалған 60-тан астамы ерлер. Олар ересектер, жастар және жасөспірімдер санаттары бойынша жарысады.


 Ал,ел кубогында облыстың намысын 15 қыз-келіншек және 20 азамат қорғады. Солардың бірі- өңірдің бірнеше дүркін чемпоны Айдар Тұрғынбай. Жас спортшы жасөспірімдер санаты бойынша жарысты.


 АЙДАР ТҰРҒЫНБАЙ, ҚАТЫСУШЫ:

- Шаңғы спортымен 6 жасымнан бастап айналысамын. Облыстық спорт интернатында оқимын. Осы жарысқа бар күшімді салып, дайындалдым. Жеңуге тырысамын.  Бұған дейін көп жарыстарға қатыстым.Жазғы Қазақстан чемпионатына, Щучинскта болған сайысқа қатыстым.Сондай-ақ, Шығыс Еуропа кубогына да қатыстым. Бірінші орындар. Облыста бірнеше дүркін чемпион болдым.


Еске сала кетейік, шаңғы спортынан Қазақстан Республикасының кубогі Солтүстік Қазақстанда алғаш өткізіліп жатыр. Спорт ардагері Бауыржан Құлжановтың айтуынша, өңірде жас шаңғышылардың саны күн санап артып жатыр.


БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, СПОРТ АРДАГЕРІ:

-  Бүгін міне, Қызылжар жерінде үлкен қуаныш. Бірінші рет тарихта біздің облысымызда Қазақстан кубогы өтіп жатыр. Соңғы жылдары өңірде қысқы спорт түрлері дамып жатыр. Әрқашан бірінші болуға тырысуымыз керек. Қазір шаңғы спорты бойынша 3-орындамыз. Алдыңғы орында Ақмола облысы және Шығыс Қазақстан облысы келе жатыр. Алдымызда әлі талай үлкен жетістіктер болады деген ойдамын.


Жарыстың қорытындысы бойынша ересектер арасында 1-ші орынға Ақмола облысының спортшылары жайғасты. Ал, жастар мен жасөспірімдер арасында Қостанай, Абай, Ақмола облысының және Астана қаласының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Енді, осы үздік атанған спортшылар Скандинавияда өтетін әлем кубогінде Қазақстан намысын қорғайтын болады.