Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ата-аналар университеті» жобасы аясында «Ана бақыты- бала бақыты» тақырыбында аналар форумы өтті. Іс-шара 300-ден астам белсенді ананың басын қосты. Олар бала тәрбиесіне қатысты өзекті мсәселелерді талқылап, ұрпақ тәрбиелеудегі отбасы құндылықтарының насихатталуын сөз етті. Сондай-ақ, аналар білім ордасының шығармашылық ортасымен танысты.


Әйел адам- шаңырақтың алтын қазығы,отбасының ұйытқысы. Осы орайда, берері мол іс-шараның шымылдығы оқушылардың өздері дайындаған әсерлі спектаклмен ашылды. Сахналық қойылым арқылы балалар өз аналарына алғыс айтты. Өмірдегі ана рөлін айшықтап көрсетті. Кейін жиналғандар спикерлермен бірге бала тәрбиелеудегі бірқатар мәселелерге тоқталды.


СӘУЛЕ МҰҚАНОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Алғаш рет "Ата-аналар университеті" жобасының аясында "Аналар форумын" ұйымдастырдық. Бұл форум тәрбиенің маңызды мәселелерін талқылауға, сонымен қатар біздің білім беру қауымдастығымызбен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Бұл іс-шара оқушылардың табысты дамуындағы мектеп пен отбасының өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.


Іс-шараның екінші бөлімінде қатысушылар шеберлік сабақтарға қатысты. Шеберлік сағаттар қолданбалы өнер, киіз басу, қыш өнері, шешендік өнер сынды бағытта өтті. Негізгі мақсат- ұлтымыздың ұлтық өнерін дәріптеу. Өнердің визаж, шоппер әрлеу, флористика, кескіндеме бағыттары да қамтылды. Сондай-ақ аналарға метафоралық ассоциативті карта сессияларына қатысу мүмкіндігі берілді.


 ДАНА ҒИЗАТОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Маған форум өте ұнады. Бар бағдарлама жан-жақты ойластырылған, біз балаларды тәрбиелеудің маңызды тақырыптарын қозғап қана қоймай, өзіміздің шығармашылық қабілеттерімізді байқадық. Кескіндеме бойынша шеберлік сыныбының арқасында мен өзімнің алғашқы суретімді салып көрдім.


 Форум соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Алғыс хаттармен де марапатталды. Жалпы, мектеп басшылығы аналар форумын жыл сайынғы өтетін игі дәстүрге айналдырмақ ниетте.