Облыс әкімі Петропавлдағы Жуков көшесінде ақау анықталған кәріз коллекторының жөндеу жұмысының барысын көрді. Бұл коллектордың тозығы жеткен, өйткені нысан 67 жыл бұрын іске қосылған. Өткен аптада коллектордың толық тоқтап қалуына жол бермеу үшін Петропавлда техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізіліп, шұғыл жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданған еді.


Өткен аптаның басында Петропавлдың Жуков көшесі бойындағы кәріз коллекторынан ақау анықталды. Осыған байланысты шаһарда төтенше жағдай режимі енгізілді. Қондырғы толық тоқтап қалу қаупін жою үшін жауапты мамандар шұғыл жөндеу жұмысына кірісті.


Бұл учаскедегі коллектор табаны күректей 67 жыл бұрын іске қосылыпты. Мамандар әбден тозғандығын анықтап отыр. Сенбі күні жұмыс қызған жерде аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов болды. Өңір жетекшісіне Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев істің барысын баян етті.


Тілдесу барысында облыс әкімі жауапты тұлғаларға жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды. Ғауез Нұрмұхамбетов барған келесі нысан - Петропавл теміржол вокзалы мен сапаржай. Соңғысында маршрут саны әжептәуір қысқарыпты.


Маршруттың қысқаруына бірден-бір себеп - жолаушы санының азаюы. Қазір тасымалдаушы тарап мемлекет қолдауына арқа сүйеуге мәжбүр.


Аймақ басшысы сенбіде "SMB GROUP Family" серіктестігінде де болды. Аталған кәсіпорын полипропиленнен қаптар дайындайды.