Қазан – «Даун синдромы» туралы дүниежүзілік ақпарат тарату айы. Петропавлда осы синдром туралы тұрғындарды хабардар ету және осы диагнозы бар балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында қайырымдылық акциясы өтті. Вabyroom балалар ойын-сауық орталығы алғаш рет ұйымдастырған іс-шараға ата-аналарымен бірге 40-қа жуық бала қатысты.
Даун синдромы ол туа біткен хромосомалық ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша Даун синдромымен әр 700-ші сәби дүниеге келеді. Осындай диагнозы бар жеткіншектерге көмек қолын созып жатқан қоғамдық қорлар Петропавл қаласында да бар. Соның бірі, Даун синдромы бар балаларды қолдауға арналған «Солнечный дом» қоғамдық қоры. Оған қазіргі таңда 50-ге жуық адам мүше. Бүгінгі қайырымдылық акциясына сондай-ақ аутизмі бар балаларға көмек көрсететін «Мой дом» қоғамдық қорынан да тәрбиеленушілер шақырылды.
АННА ФРОЛОВА, BABYROOM КҚО БАСҚАРУШЫСЫ:
Осындай қайырымдылық акциясын ұйымдастыруымыздың себебі, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Олардың бір сәтке бар қиындығын ұмытып, демалуына мүмкіндік бергіміз келді. Сонымен қатар біздің серіктесіміз, Инсайт проджект агенттігінің аниматорлары балаларға арналған өздерінің ойын-сауық бағдарламасын дайындады. Одан бөлек, бүгінгі акция Дольше Мама кафесіндегі мерекелік дастарханда жалғасын табады.
Даун синдромы бар балалар шығармашылық ортада өз әлеуетін көрсете алады. Сондай-ақ олардың спортпен шұғылданып, жетістікке қол жеткізуге қарым-қабілеті бар. Жақында жеңіл атлетикадан ментальді ауытқуы бар балалар арасында Түркияда жарыс өтті. «Солнечный дом» қоғамдық қорының балалары турнирден жүлдемен оралды. Олар мұнымен шектелмей, алда наурыз айында шетелде өтетін кезекті сайысқа қатысуды жоспарлап отыр.
АНАСТАСИЯ ШВЕЦ, «СОЛНЕЧНЫЙ ДОМ» ҚҚ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
24-28 қазан аралығында Стамбул қаласында ментальді ауытқуы бар балалар арасында жарыс өтті. Сайысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен 8 және одан үлкен жаастағы жасөспірімдер қатысты. Біздің облысымыздан барлығы 3 бала сынға түсті. Ал еліміз бойынша 15 жеткіншек сайысқа қатысып, бақ сынады.
Бұл күні «Күн сәулелі балалар» үшін қаланың үздік аниматорлары шақырылып, бүлдіршіндер назарына қызықты қойылымдар ұсынылды. Одан бөлек, оларға арнап қайырымдылық түскі ас та ұйымдастырылды.