Сенбі күні облыс орталығында "Бейбіт күннің батырлары" атты ашық турнир өтті. Жарыс қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан азаматтық қорғаныс қызметкерлерін еске алу құрметіне арналған. Жарысқа қатысуға еліміздің 10 облысынан 84 спортшы ниет білдіріп, өзара шын мықтыны анықтады.


Палуандар Петропавлда бас қосты. Сенбі күні облыс орталығында қазақ күресінен ересектер арасында "Бейбіт күннің батырлары" атты ашық турнир өтті. Жарыс қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан азаматтық қорғаныс қызметкерлерін еске алу құрметіне өткізілді. Бәсі биік бәсекеде кілемге еліміздің 10 облысынан келген 84 спортшы шықты.


Салтанатты ашылу рәсімінен кейін кілемге 74 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар шықты. Көк берендегі Бекзат Темірке Ақмола облысының намысын қорғауда. Ал оның қарсыласы - жергілікті палуан. 5 минуттық кездесудің негізгі уақытында қос тараптан да нәтижелі іс-әрекет болмады. Осылайша белдесу тағдыры қоян-қолтық белдесуде шешілді. Онда тәуекелге барған теріскейліктің тізесі кілемге бірінші болып тиді. Осылайша жеңіс Бекзатқа бұйырды.


БЕКЗАТ ТЕМІРКЕ, жарысқа қатысушы, Ақмола облысы:

-  "Қазақ күресімен 8 жасымнан айналыса бастадым. Белдесулер өте тартысты өтіп жатыр. Жаңа екінші белдесуімде жеңіске жеттім. Қалған кездесулерде де жеңіске жетемін деген үміттемін

Жарыстың деңгейі жоғары. Палуандар мықты дайындықпен келген. Барлығына сәттілік тілеймін".


Жарыста сәтті өнер көрсетіп келе жатқан жерлестеріміздің бірі - Әділхан Нұржанов. 20 жастағы солтүстікқазақстандық қос кезеңнен сүрінбей өтті. Қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келеді.


ӘДІЛХАН НҰРЖАНОВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

-  "Бірінші қарсыласым Ақтөбе қаласынан болды. Оны екі жартылай әдіспен жеңдім. Екіншісі Астана қаласынан. Оны тазаға түсірдім.

25/ Барлық спортшылар жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр".

Жалпы, жарыс 66, 74 және одан жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтті. Айта кету қажет, қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан жандарды еске алуға арналған турнир биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.


АСЫЛХАН БОЛАТОВ, жарыстың бас төрешісі:

-  "Ұтқан палуандарға арнайы ақшалай сыйлығымыз бар. Көрермен көзайымы атанған спортшы да құрыметке бөленеді. Жеңімпаз палуанның бапкеріне де сыйақылар беріледі. Жарысымыз жалғасын табады деген ниеттеміз".


Ұйымдастырушылар бұл турнирді келер жылы қазақ күресінен өтетін дәстүрлі жарыстар тізіміне енгізуді көздеп отыр. Ойдағы орындалса, бәсекеге барлық салмақ дәрежелері бойынша өтеді.