Қыркүйектің соңғы жексенбісі елімізде еңбек күні атап өтіледі. Айтулы датаға орай Мамлют ауданына қарасты Новомихайловка ауылында орналасқан «Қос ағаш» ЖШС-нің жұмысшылары үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Әріптесімнің сюжетіне зер салайық.


«Қос ағаш» ЖШС 2004 жылы құрылған. Қарамағанда 2 мыңға жуық гектар жері бар серіктестік егін егумен айналысады. Қазіргі таңда шаруашылық жұмысшылары орақ науқанында тер төгіп жүр. Басты мақсат -ала жаздай баптап өсірген бидайды шашау шығармай жинап алу.


АНДРЕЙ БЕЛОУСОВ, «ҚОС АҒАШ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- «Қазір біз үшін жауапты кезең – егін жинау науқаны жүріп жатыр. Барлық жұмыстар сәтті аяқталады деген сенімдімін. Техникалық паркіміз жаңа. Қарамағымда 10 жұмысшы бар. Барлығы өз ісіне жауапты қарайды. Жалақы да уақытында төленеді.»


 «Қос ағаш» ЖШС жұмысшыларының дені шаруашылық құрылғаннан бастап еңбек етіп келеді. Солардың қатарында механизатор Марат Сембаев та бар. Тәжірибелі маманның ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 18 жыл екен.


МАРАТ СЕМБАЕВ, «ҚОС АҒАШ»ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ:

-  «Мен мұнда 2005 жылы орналастым. Содан бері бір орында тапжылмай еңбек етіп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақымыз уақытында төленеді. Ең бастысы осы ғой. »


Орақ науқанының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осыған орай ауыл маңында «Қос ағаш» ЖШС жұмысшылары үшін арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.


 ГАЛИНА ШУРУБОВА, АУЫЛДЫҚ КЛУБЫНЫҢ МӘДЕНИ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

-  «Арнайы «Қос ағаш» ЖШС қызметкерлері үшін шағын концерттік бағдарлама әзірледік. Барынша даярландық. Көңілден шықты деген сенімдеміз. Жұмысшыларға тек қана сәттілік тілейміз. Орақ науқаны ойдағыдай аяқталсын.»


Айта кетейік, осы сынды шағын іс-шаралар Новомихайловка ауылында жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл ауыл тұрғындар арасында жақсы дәстүрге айналған.