Мемлекеттік басқару академиясының филиалының базасында «Tomiris» әйелдер көшбасшылығы мектебінің бастамасымен «Жобалық тәсіл және басқару негіздері» тақырыбында дәріс ұйымдастырылды. Ұзақтығы 5 күнге созылған дәріс барысында мемлекеттік қызметкерлер өздері әзірлеген жобаларын қорғады, тәжірибелі спикерлер қатысушылармен өз білімдерін бөлісті.


 Аталған мектептің басты мақсаты – өңірдегі әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту арқылы елдің саяси өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беру.


КӨГӘРШІН БЕРДАҒҰЛОВА, «ТОМИРИС» ӘЙЕЛДЕР КӨШБАСШЫЛЫҒЫ МЕКТЕБІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 Оқыту бағдарламасының қорытындысы бойынша дәріске қатысушылар өңірімізді дамытуға бағытталған маңызды жобаларын ұсынады. Мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан қызметкерлер өзіндік жобаларын қорғаса, ал студенттер бақылаушы ретінде қатыса алады.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, тренинг қорытындысы бойынша 24 қызылжарлық ару өңірімізді көркейтуге бағытталған жобаларын ұсынған.


ДИЛЯРА СЕЙДАХМЕТОВА, «ТОМИРИС» ӘЙЕЛДЕР КӨШБАСШЫЛЫҒЫ МЕКТЕБІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

 Республикалық деңгейдегі конкурсқа қатысқым келген, дегенмен облыстық конкурсқа қатысу бақыты бұйырыпты. Біздің облысымызда әрбір әйелдің көшбасшы болу дағдысын игеруіне бар мүмкіндіктер қарастырылғанына қуаныштымын. Өңірімізді дамытуға бағытталған дәріс айтарлықтай қызықты өтті.


Айта кетейік, 5 күн аралығында «Көшбасшылық», «Жобаны басқару», «Шешендік өнер», «Келіссөздер жүргізу» және «Психология» тақырыптары аясында тренингтер өтеді. Алдағы қазан айында да өңір әйелдері өз жобаларын әзірлеп, қорғайтын болады