«Архив және болашақ ұрпақ». Дәл осындай атаумен жеке құрам жөніндегі Петропавл қалалық архивінде ашық есік күні өтті. Шараға СҚУ колледжінің студенттері арнайы шақырылып, оларға мұрағат жұмысын таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылды.
Архив қызметкерлерінің айтуынша, құжаттар қоймасында осы күнге дейін сақталған 609 қор және 140 мыңға жуық құжат бар. Архивтегі ежелгі құжаттар 20-ғасырдан бастау алады. Соның ішінде азаматтардың жеке істері жөніндегі құжаттар архивке келген сәттен бастап, 75 жыл бойы сақталады екен. Жеке құрам бойынша бұйрықтар, азаматтардың жеке шоттары, алфавиттік кітаптар осы құжаттардың бәрі қалалық мұрағат қорын толықтырып тұр.
АЛТЫНАЙ АМАНЖОЛОВА, ЖЕКЕ ҚҰРАМ ЖӨНІНДЕГІ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ АРХИВІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
- Біздің архивке көбіне зейнеткерлер көмекке жүгінеді. Олар бізден өздері бұрын қызмет атқарған жұмыс орнынан берілген жалақы, еңбек өтілімі туралы анықтамаларды сұрайды. Сол анықтамаларды біз «Справочник» атты кабинетте табыстаймыз. Сондай-ақ жеке тұлғалар өздері арнайы келіп бізге өтініш жазады. Студенттермен де тәжірибе алмасып жұмыс жүргіземіз.
Архив – тек маңызды құжаттар сақтайтын орда ғана емес, жас ұрпақ жаңаша сипатта ықылас танытатын құндылық ошағы. Студенттер мұрағатқа келіп, тек экскурссия жасап қана қоймай, ондағы бар дереккөздерге, құнды құжаттарға зер салып, таным-білімін кеңейтті.
ҚАРАҚАТ ӘКІТАЙ, СТУДЕНТ:
- Маған бүгінгі экскурсия өте ұнады, пайдалы болды. Көп жаңалықтарды білдім. Экскурсиядан құжаттар арқылы туыстарды табуға болатынын, балалар үйі туралы мәліметтер алуға болатынын білдім.
Әрбір адам еңбек өтілі, еңбек өтілі және жалақы бойынша құжаттарды нақтылау үшін мұрағатқа көмекке жүгіне алады. Ол үшін электрондық үкімет порталы арқылы немесе ұйымның поштасы арқылы өтініш беруге болады. Ал архивтік анықтамалар 11 жұмыс күні ішінде дайындалады.