Петропавл қаласының полиция басқармасына Маяковский көшесі, 93 мекенжайында орналасқан жатақхананың бесінші қабатындағы бөлмеде төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл жағдай 20 қыркүйек күні кешкі алтылар шамасында болған. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері бөлменің ішінен есікті құлыптап алған және нәрестені терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан ер адамның кім екенін анықтады. Жатақхананың жанына учаскелік полиция инспекторлары, ТЖД қызметкерлері, дәрігерлер де көмекке келді. Құтқару операциясы барысында ТЖД қызметкері терезеден ішке енген. Олар ер адамды еденге құлатып, есікті ашқан соң ішке полицияның арнайы жасағының өкілдері кіріп, ер адамды қолға түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша 2023 жылы туылған қыз бала зардап шекпеген. Нәресте дәрігерлерге тапсырылды.


НҰРБЕК БАЕКИН, СҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 Ұсталған азамат, СҚО-ның 23 жастағы тұрғыны масаң күйде болған. Өзімен бірге тұрып жатқан 21 жастағы әйелі екеуінің арасында жанжал болғаны анықталды. Салдарынан, ер адам баланы терезеден лақтырамын деп қорқытқан. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.