Кедендік операцияларды цифрлы жүйеге көшіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. ҚР заңнамасына сәйкес жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік шекара арқылы әкелу кезінде жеке тұлғалар кедендік декларациясын тауардың қиылысу орны бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады.
Бұл процесті жеңілдету мақсатында мемлекеттік кірістер комитеті "E-salyq Azamat" мобильдік қосымшасында модуль әзірледі. Ол арқылы жеке тұлғалар орналасқан жеріне қарамастан, үйден шықпай-ақ декларацияны смартфон арқылы бере алады. Модуль 2023 жылдың тамыз айының басында іске қосылған. Сонымен қатар, биыл кеден туралы заңға бірнеше түзетулер енгізілді. Жаңашылдыққа сай департамент мамандары кеден арқылы өткен автокөлік құралдарымен, тауарларды тасымалдауға берілген арнайы рұқсат құжаттарын қатаң тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр екен.
БАУЫРЖАН ШӘЙКЕНОВ, СҚО БОЙЫНША МКД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- 2022 жылғы тамыз кезеңінен бастап қазіргі уақытқа дейін 923 шетелдік автокөлік құралдары және 759 отандық автокөлік құралдары бойынша бақылау жүргізілді. Биылдың өзінде 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, Бұл ретте өндіріп алынған айыппұлдар сомасы шамамен 11 миллион теңгені құрады. Автокөлік құралдарымен тауарларды тасымалдау кезінде рұқсат құжаттарын ұсыну бойынша бақылау тұрақты негізде жүргізіледі.