«Есіл Су» компаниясы инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар нысанда су құбырларын ауыстыру, жөндеу бойынша жұмыстарды іске асырып жатыр. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні облыстың бірнеше су торабында және өндіріс учаскелерінде сумен қамту жүйесін ретке келтіруде. Әріптесімнің сюжетіне зер салайық.
Водпроводное ауылындағы Булаев өндірістік учаскесінде құбырларды ауыстыру жұмыстары қыркүйек айында басталды. Бұл мақсатқа инвестициялық жоба аясында 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Аталған нысан өңірдің 6 ауданын таза ауыз сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта бұл жердегі су желілерінің тозуы шамамен 60% құрайды. Соның салдарынан жыл басынан бері 500-ден астам апат болып, тұрғындар сусыз қалған.
ҚАЙЫРБЕК ҚАШЫҚБАЕВ, БУЛАЕВ ӨНДІРІСТІК УЧАСКЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Бұдан бөлек жөндеу жұмыстары Оңтүстік су құбырында да іске асырылуда. 1,5 км су құбырын ауыстыру жоспарда бар. Бұған дейінгісі 2009-шы жылы орнатылған еді. Оның тозығы әбден жеткен. Жыл басынан бері бірнеше рет апат болып, тұрғындар сусыз қалып, шағымданды. Сол себепті, оны жөндеу туралы шешім қабылданды.
Дәл осындай жұмыстар «Красная горка-Бескөл» су құбырларында жүзеге асырылуда. Мамандарыдң сөзіне қарағанда, бұл желілер 2000-шы жылы орнатылды. Тозығы жеткен құбыр жиі істен шығып, апат саны да көбейген. Тек осы жылдың өзінде 12 апат тіркеліпті.
НИКИТА ЗАБАВИН, «НҰРА ТОПТЫҚ СУ ҚҰБЫРЫ» КӘСІПОРНЫ «ЕСІЛ СУ» ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
- Бұл құбыр Бескөл ауылының тұрғындарын сумен қамтамасыз етеді. Жыл басынан апат саны көбейгендіктен оны жөндей бастадық. Бұл жерде 4 шақырымды құрайтын полиэтилен құбыры төселуде. Диаметрі 315 мм. Мамандар жұмысты бір-екі айда толығымен аяқтайды деп күтілуде.
Бұл жерде жөндеу жұмыстарын іске асыру үшін инвестициялық бағдарлама аяснда 80 млн теңге бөлінді.
Майгүл Сейілбек