Петропавлда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан Республикасында волонтерлік қызметті дамыту» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Брифинг барысында волонтерлікті дамытуға ықпал ететін озық тәжирибелер мен жобалар туралы айтылды.


Жыл басынан бері волонтерлар 390-ға жуық шара өткізіп, 600-ден астам зейнеткерлер мен жалғыз тұратын қарттарға қол ұшын созған. Сонымен қатар 800-ден астам мұқтаж отбасы мен балаларға жәрдем беруде де олар аянып қалмаған.


 ТАТЬЯНА МИРОНЮК, «ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІ» ЗТБ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

-   Қазақстан Респуликасы бойынша волонтерлік қызметті дамытудың бұрынғы жол картасы өз күшін жойды. Енді бәрімізді 2024-2027 жылдарға арналған волонтерлікті дамытудың жаңа жол картасын қайта құру мәселесі алаңдатады. Жалпы алғанда, қазіргі уақытта елімізде 600-ден астам волонтерлік ұйым бар. Алайда, бізде сандық көрсеткіш жағынан жүйелілік жетіспейді.


 Қазіргі таңда облыстың фронт-кеңсесі волонтерлік ұйымдармен, волонтерлермен тығыз байланыста жұмыстар атқарып келеді. Барлығы 14 Жастар ресурстық орталықтарында фолонтерлік клубтар ашылды. Аймақтық жастар ісі жөніндегі комитеттерде де волонтерлер клубының өкілдері бар екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, аймақ бойынша биыл 30 мың адам волонтерлер қатарына тұрақты түрде қабылдануға ниет білдіріпті.


 АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, «BIRGEMIZ» ВОЛОНТЕРЛІК ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

-   Сонымен қатар волонтерлік фронт - кеңсе облыс жастары арасында pro bono волонтерлік қызметін насихаттау бойынша ағарту жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ ондағы тәжірибелі заңгерлер халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетеді, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында аз қамтылған отбасыларға, NEET жастарына арнап түрлі іс-шараларды жүзеге асырады. Және әрбір жеке тұлғаға психологиялық кеңестер беріліп, психологиялық тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.


 Тағы бір айта кететін жайт, осы жылға жастардың волонтерлік қызметке деген қызығушылығын арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында 3 жобаны іске асыру жоспарланған. 2023 жылдың желтоқсанында жаңа Жол картасы қабылданып, еріктілер қозғалысының мақсат-міндеттері айқындалмақ.