Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері ірі құрылыс дүкенінің ұжымымен және Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің 1-курс студенттерімен кездесті. Полицейлер жұмысшылар мен жастарға алаяқтардың құрығына түсіп қалмаудың қарапайым амалдары туралы айтты.
Жыл басынан облыс полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде интернет-алаяқтықтың 442 фактісін тіркеді. Күдіктілерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, бұдан бөлек бірқатар тергеу әрекеттері қолға алынған. Тіркелген фактілердің басым бөлігі: 156 факті – жалған банк қызметкерінің қоңырау шалу әдісі бойынша, 90-ы – Instagram желісі арқылы; TikTok арқылы – 2, Одноклассники арқылы – 5 және Telegram мессенджерін қолдана отырып – 9 факті жасалған. Сондай-ақ 48 интернет-алаяқтық OLX тегін хабарландырулар сайты арқылы, тағы 14 факті - «Колеса» мен «Крыша» сайттары арқылы жасалған. 3 фактіні қаскөйлер InDrive мобильдік қосымшасы арқылы іске асырған. Полиция қызметкерлері дүкен жұмысшылары мен менеджерлеріне қылмыскерлердің кең таралған схемалары туралы айтып, сұрақтарына жауап берді, профилактикалық сипаттағы жадынамалар таратты.
ВИТАЛИЙ ПОДЧЕРНИН, СҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: - Қылмыстық схеманың белгілері бар хабарландыруларды анықтаудың жолдары қандай? Дроппердің жұмысын қалай байқауға болады? Бірінші белгісі: ешқандай білімі және тәжірибесі жоқ жұмыс іздеушілерді таңдайды. Екінші белгісі: ақшалай қаражаттарды қолма-қол ақшаға айырбастаумен байланысты жұмыс ұсынады. Үшіншісі – қашықтықтан жұмыс істеу және кеңсеге келмеу; ресми жұмыс болмағандықтан, еңбекақының сомасы белгісіз болады
Жедел уәкілдер колледжде бірінші курс студенттері мен оқытушыларын да алаяқтардың әккі әрекеттері жайлы хабардар етті. Алаяқтар жәбірленушілердің шоттарынан ақшалай қаражаттарды заңсыз жолмен алу үшін жастарды пайдалануы мүмкін. Сондықтан жігіттер мен қыздардың қаскөйлердің қылмыстық әрекеттерінде дроппер, жалған тұлға ретінде қатысуының алдын алуға мән берілді.
ТАТЬЯНА ШУСТОВА, Б.ӘШІМОВ АТЫНДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ МАШИНА ЖАСАУ ЖӘНЕ КӨЛІК КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бүгін қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топпен кездесу ұйымдастырылды. Бірінші курс студенттері үшін арнайы дәріс оқылды. Интернет-алаяқтық бүгінде үлкен проблемаға айналып отыр. Сондықтан уақыт тауып келіп, осындай маңызды тақырыпты көтерген қонақтармызға алғысымызды білдіреміз
Еңбек ұжымдарындағы, кәсіпорындардағы, студенттер арасындағы профилактикалық-түсіндіру сипатындағы кездесулерді тәртіп сақшылары жиі өткізіп тұрады. Үлкен сауда орындары мен шағын аудандар да полицейлердің назарында.