Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы өңір тұрғындары тегін офтальмологиялық көмек ала алады. Медициналық сақтандыру қоры биыл бұл қызмет түріне 900 млн теңге бөлген. Осыған сай, кез келген тұрғын медициналық сақтандыру арқылы дәрігер көмегіне жүгіне алады. Қандай офтальмологиялық орталықтан ем алуға болады? Ол үшін не істеу керек? Арна тілшілері сабақтасын.


Биыл Петропавлдағы көз орталығына халықаралық стандарттарға сай 10-ға жуық жаңа заманауи құрылғылар сатып алынды. Соның арқасында көру қабілетін қалпына келтіруге арналған операциялардың барлығы дерлік қазір Петропавлда жасалады. Жекеменшік емханадан көзге арналған лазерлік түзету, катарактаны жою, көзге диагностика жасау, көздің торлы қабығының бұзылуын емдету сынды қызметтердің барлығын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін алуға болады. Тек ол үшін емхананың жолдамасы қажет.


ОЛЕСЯ ЛЕОНТЬЕВА, ОФТАЛЬМОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  2018-2023 жылдарды салыстыра қарайтын болсақ қазір жұмыс көлемі 50 пайызға артқан. Медициналық сақтандыру қоры емханалармен келісімшартқа отырып, бірлесіп жұмыс істей бастағандығының арқасында амбулаториялық-емханалық көмек 3 есеге артты. Бұл өңір халқының медициналық қызметтерді уақытылы алып, заманауи техникамен емделуіне мүмкіндік берді. Біз көз ауруларының көбін емдей аламыз. Бірақ барлығын емес. Себебі, кейбір адамдардың көзін емдеуге тәжірибелі мамандардың көмегі қажет болады.


 Жыл сайын офтальмология орталығына он мыңға жуық адам келеді. Медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту үшін мамандар әлемнің жетекші медициналық ұйымдарынан арнайы курстардан өтеді. Бұған заманауи құрылғылардың да көп көмегі тиетіні сөзсіз. Мәселен, өңір дәрігерлері үшін катарактаны алып тастау қазір үйреншікті жағдайға айналған.


КҮЛІМАЙ САНДЫБАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- 23 тамызда дәрігер сенің көзіңде катаракта бар, порталға қою керек деді. Мен ол туралы мүлдем білген жоқпын. Мені порталға кезекке қойып, жарты айдан кейін отаға шақырды. Қазір бәрі жақсы. Өзімді жақсы сезінемін. Ертең дәрігер тексереді.


Медициналық сақтандыру қорының облыстағы филиалы екі көз орталығымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Биыл офтальмологиялық қызмет көрсетуге 900 млн теңге бөлінген. Медициналық сақтандыруы бар кез келген тұрғын көз орталықтарынан тегін қызмет ала алады.


ЛАРИСА ГОРДЕЕВА, “ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ” КЕАҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

-  Медициналық сақтандыру аясында тұрғындар жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады. Яғни, қымбат медициналық операция, офтальмологиялық көмек, оңалту қызметтері тегін көрсетіледі. Осы көмектің барлығын сақтандыру арқылы алуға болады. Жыл сайын жаңа әдістер, жаңа технологиялар, жаңа дәрілер енгізілуде және осы жаңалықтың барлығы қосымша қаражатты қажет етеді. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыру қорына түсетін қаражатқа сай медициналық қызметтердің белгілі бір тізімі анықталады. Біз тұрғындардың медицина жағынан сақтандырылғанын қалаймыз. Болашақта басқа да дәрігер қызметін қосатын боламыз.


 Міндетті медициналық сақтандыру қорының қызметтін пайдалану үшін науқас тіркелген жері бойынша емханаға барып, сол жерден жолдама алуы керек. Кейін мамандар қажетті дәрігерге жібереді.