Өңірде су қоймаларына күзгі балық жіберу жұмыстары басталды. Биыл 1 миллионнан астам тұқы шабағы жерсіндірілмек. Арнамыздың түсірілім тобы Петропавл балық питомнигіне барып, балықтарды суға жіберу барысын көріп келді.


Өңірде су қоймаларына балық жіберу дәстүрге айналған. Бұл табиғи экожүйені қалпына келтіріп, балықтардың санын көбейту үшін жүзеге асырылатын процесс. Биылғы жылға қалалық балық өсіру питомнигі 1 миллионнан астам тұқы балығын дайындаған.


АНАСТАСИЯ МОЛОТКОВА, ПЕТРОПАВЛ БАЛЫҚ ПИТОМНИГІНІҢ ИНКУБАЦИЯЛЫҚ ЦЕХ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Балық шаруашылығын дамыту мақсатында облыстың су қоймаларына жыл сайын балықтар жібереміз. Бұл жұмыстар көктем мезгілінде де жүргізіледі.


 Бұл балықтардың питомникте өсіріліп жатқанына 3 айдан асқан. Шабақтар өзен-көлдерге жіберілмес бұрын арнайы тексерістен өтеді. Яғни, әрқайсысының салмағы таразыда өлшенеді. Біреуінің салмағы 12 грамнан кем болмауы тиіс. Тиісті шаралар жүргізіліп болғаннан кейін тіршілік иелері жаңа мекенге жіберіледі.


МАРАТ ЕСІМСЕЙІТОВ, «ЕСІЛ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫ» РММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Суға жіберілетін шабақтардың саны, барлығы арнайы тексерістен өткізіледі. Балықтарды өсіру кезеңінен, суға жіберілген уақытына дейін мамандардың бақылауында болады.


 Мамандар бүгін тұқы балығының 450 мың алғашқы легін Петропавл су қоймасына жіберді. Келесі күні Сергеев су қоймасына тағы 560 мың балық жіберіледі деп жоспарланған.


Жансая Қайыпова