"Тоқта.Қауіп!". 15-ші қыркүйек күні облыстық қуыршақ театрында жаңа қойылым сахналанады. Туындыны бас режиссер Григорий Лайко әзірлеген. Бұл туралы облыстық қуыршақ театры өткізген баспасөз-конференциясында белгілі болды. Сюжетке зер салайық.


Бас режиссер Григорий Лайконың айтуынша, соңғы уақытта қоғамда балаларға қатысты қайғылы жайттар жиілеп кеткен. Сол себепті, кішкентай көрермендері қауіпсіздік ережелерімен таныс болғанын қалайды. Осындай ерекше форматта ұсынылған ақпарат есте жақсы сақталады делінді баспасөз-конференциясында.


ГРИГОРИЙ ЛАЙКО, ОБЛЫСТЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

-  Бұл қойылымдағы жайттар күнделікті өмірден алынған. Мәселен, жер-жерде болатын өрт, суға батып кету жағдайлары немесе жол-көлік апаты. Бізді балалардың болашағы алаңдатқандықтан осындай форматта спектакль әзірледік. Келген әр көрермен өзіне қажетті пайдалы ақпарат алады деген үміттемін.


Бас режиссер оқиғаларды жеңіл, яғни әзіл-қалжыңмен араластырып ойластырған. Спектакль соңында сахнадан көрерменмен сұхбат болады. Балалар қойылым сәттерін талқылап, ойларымен бөліседі. Сосын құтқарушылардың құрған көрмесін тамашалайды.


МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Балаларды қауіпсіздік ережелерін қарапайым тәсілмен түсіндіру тиімсіз. Сол себепті, біз биылдан бастап мәдениет ұйымдары және білім басқармаларымен бірлесіп барынша қызықты дүниелерді ойлап табуға тырысып жатырмыз. Көрермен саны көп болу үшін қойылым екі тілде өткізіледі. Бұл да бір өзіндік ерекшелігі.


Жалпы, қуыршақ театрының ұжымы биылғы маусымда көрермендеріне тың дүниелер қоймақ. Сондай-ақ, қазан айының соңында өтетін халықаралық фестивальге қатысуды жоспарлап отыр.