Уәлиханов ауданы 1928-ші жылы құрылды. Алғашында Ақмола облысына қарасты болса, тәуелсіздік жылдарында СҚО-ның құрамына енді. 95 жылда аудан бірқатар белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жетті. Бұдан бөлек елімізге танымал азаматтар да осы елдің тумалары. Туған өлкелерінің мерейтойын уәлихановтықтар ұлан асыр той жасап атап өтті. Ауданның 95 жылдығына арналған жиын жайында тілшіміз тарқатады.


 Облыс орталығынан ең шалғай жатқан Уәлиханов ауданы өз мерейтойын ұлан асыр той жасап атап өтті. Оған аудан басшылығы да, жергілікті кәсіпкерлер мен қарапайым халық та барынша ат салысты. Мерекелік іс-шара мәдениет үйінде «Туған жер – ата-бабадан қалған ұлы мирас» атауымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастау алды. Алқалы жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, тұрғындар, ауданда туып өскен ғалымдар мен профессорлар қатысты. Олар Уәлиханов ауданының құрылуы, тарихы туралы сөз қозғап, ауданды әрі қарай дамыту туралы ой-пікірлерін ортаға салды.


ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Осы жылдар арасында біздің аудан жапан түздегі шағын ауылдардан өсіп 11 округке және 27 елді мекеннен тұратын СҚО-ның серпінді дамып келе жатқан аудандарына айналды. Біздің аудан солтүстігінде РФ Омбымен, шығысында Павлодар облысымен, оңтүстігінде Ақмола, батыс жағында СҚО-мен шектесіп жатқан темір жол және автомобиль жолдары тоғысқан күре тамыры.


 Уәлиханов ауданы қазақтың талай тарланын дүниеге әкелген құт мекен. Мұнда Смағұл Сәдуәқасов, Сәкен Жүнісов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және Абай жайында алғаш рет баспа бетінде материал жариялап, Абайтанушы атанған Зейнелғабиден аль-Жауари да осы өлкеден шыққан. Лев Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Серік Негімов болса туған жеріне жылда келіп тұрады. Академиктің сөзінше ауданға әр келген сайын бұл жақтағы оң өзгерістерді көріп, қуанады.


СЕРІК НЕГІМОВ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ПРОФЕССОРЫ:

-  95 жылдығы өте дұрыс аталып өтіп жатыр. Себебі бұл өзінің жерінің байлығымен, қазынасымен, тарихы тұлғаларымен, қазіргі Тәуелсіздік заманындағы елге,жерге еңбек сіңірге ерлерімен ерекшеленеді.


 Архивте сақталған құжаттарға сәйкес аудан құрылғанында құрамында 134 елді мекен болған. Қазіргі таңда соның 28-і қалған. Бүгінде ауданда 15 мыңға жуық адам тұрса, соның 7 мыңы Кішкенекөл ауылының тұрғыны.


ЖАНДОС МӘДИҚАЖЫҰЛЫ, АҚЖАР АУДАНДЫҚ МҰРАҒАТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Қызылту ауданы аудан болып 1928-ші жылы құрылған.Ол уақытта уезі Чарлаг болған. Ақмоланың губерниясы Қызылжар болған. Бұл туралы архивте жазылған. Қызылжар Чарлагтан алыс болғасын әкімшілік билеу қиыншылыққа ұшырағандықтан Чарлаг уезі алыс болса да орыс уезіне қараймыз деп Қызылжарға қараған. Сол кезде біздің атауымыз Петропавл емес Қызылжар болған.


Бұл күні меймандарға арналған шағын көрме де ұйымдастырылды. Мұнда жергілікті қолөнершілер өздерінің бұйымдарын ұсынды.


 Жалпы ауданның әлеуеті зор. Мәселен биыл ел және облыс қазынасынан денсаулық, инфрақұрылым, білім беру сынды әр саланы дамыту үшін 7 млрд 600 млн теңге бөлінді. Аудан орталығы Кішкенекөл ауылында 250 орынға шақталған емхананың, тауарлы сүт фермасының және де бірқатар спорт нысандарының құрылысы қолға алынған.


ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Инвестициялық жобаларға келетін болсақ, бізде 3 тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Келесі жылы аяқталады, салынуы.  Ауыз су мәселесі ең маңызды ғой қазір, оған Президентіміз де көңіл аударды. Биылғы жылы әжептәуір қаражат бөлінді. 6 елді мекенде су қорын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр, Мырзағұл, Қайрат, Золотая Нива жаққа да жолдар ретке келтіріліп жатыр.


 Ауданның 95 жылдығына орай Кішкенекөлдің ипподромында аламан бәйге де ұйымдастырылды. Облыстың әр ауданынан ат терлетіп келген шабандоздар өзара мықтыны анықтады. Ал, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде түйе палуандар жарысы өтті. Дүбірлі додаға 70 келі және одан да жоғары салмақтағы 17 палуан қатысты.


БЕКТАЙ ХАСЕНОВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ:

-  Марапаттайтың сыйлық 1-ші орынға 500 мың, 2-ші орынға 300, 3-ші орынға 200мың теңге, белдесуден екі топтан шығады. 1-ші орын алғандар 1-ші орынға күреседі. Деңгейлері жақсы, біздің облыстың құрамасына кіретін палуандар күресіп жатыр.


 Кейін аудан әкімі Қайрат Пішенбаев барлық жеңімпаздарды мәдениет үйінде марапаттап, жерлестерін мерейтоймен құттықтап, бір тобына ауданның құрметті азаматы атағын табыстады.


 Уәлиханов ауданының 95 жылдығында да кең дала төсінде Отан, туған жер, Атамекен туралы әндер шырқалса, кешкісін жастар үшін би кеші ұйымдастырылып, тұрғындар файер шоу мен мерекелік отшашуды тамашалады.


Майгүл Сейілбек