Криминалдық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін Петропавлдағы саяжай қоғамдастықтарына барып, тұрғындармен кездесіп жатыр. Жедел уәкілдер қаскөйлердің қармағына түспеудің амалдары туралы айтып, алаяқтар жиі қолданатын тәсілдермен таныстырып жатыр.
Еңбек ұжымдарымен кездесу, зейнеткерлермен әңгімелесу, мессенджерлер арқылы алдын алу сипатындағы бейнероликтер мен суреттер тарату – интернет-алаяқтық фактілерінің алдын алу үшін осы жұмыстардың барлығын полиция қызметкерлері күнделікті жүргізеді. Адамдарға облыс тұрғындарына қатысты қолданатын кең таралған айла-тәсілдер, олардан қорғану амалдары туралы айтылады. Алайда шығыны көп интернет-алаяқтық фактілері күн санап артқан.
Облыстық полиция департаменті құрамындағы криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері Петропавлдағы саяжай қоғамдастықтарына барды. Полицейлер жадынамалар таратып, плакаттар жабыстырды және байланыс нөмірлерін берді. Зейнеткерлердің көпшілігі интернет-алаяқтық туралы естіген. Кейбірінің туыстары да зардап шеккен екен.
Алаяқтардың транзакциялар жүргізу, алдын ала төлем талап ету және ақша аудару туралы күмәнді ұсыныстарына сенбеген жөн. Жедел уәкілдер зейнеткерлердің әрқайсысына алаяқтармен сөйлескен кезде қолданатын әрекеттер алгоритмін түсіндіріп берді.
Милена Балацкая – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:
-Криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтардың жаңа айла-тәсілдері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін облыс орталығындағы саяжай қоғамдастықтарында жадынамалар тараттық, зейнет жасындағы және зейнет жасына дейінгі азаматтармен әңгімелестік. Жыл басынан облыс аумағында 440 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді.
Соңғы уақытта қаскөйлер құрылғыны қашықтықтан отырып басқаруға болатын қосымшаларды пайдалана бастаған. Алаяқтар түрлі себептермен RustDesk, AnyDesk, TeamViewer сияқты тегін қосымшаларды смартфонға жүктеп алуға мәжбүрлейді. Осылай телефонды алыстан басқара алады. Полицейлер азаматтардан бейтаныс адамдардың айтқанына сенбей, осындай күмәнді қосымшаларды жүктемеуді сұрайды. Өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыратын адамдардан қоңырау келіп түссе, бірден өз банкіңіздің Call-орталығына не болмаса «102» арнасына қоңырау шалған жөн.