16 шілде күні ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, оркестр ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі, бас дирижері – Владимир Верещагин 75 жылдығын тойлады. Осыған орай мерейтой иесіне Петропавл қаласының Құрметті азаматы атағы берілді


 Владимир Верещагин 1948 жылы 16 шілдеде Талдықорған қаласында дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға әуес болған. 15 жасында Алматыдағы музыка училищесіне оқуға түседі. Кейін тағы 5 жыл консерваторияда оқиды. Әскерге барып, сондағы САВО ансамбліне кіреді. 1973 жылы Петропавлға көшіп келгеннен кейін, өнер иесіне музыкалық училищеде оркестр жүргізу жұмысы тапсырылады. Владимир Верещагиннің Петропавлдағы шығармашылық жолы мен мансабы осылай басталады.


ВЛАДИМИР ВЕРЕЩАГИН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

- 3 жылдан кейін Шымкентте өткен халық аспаптары оркестрлерінің бірінші байқауында лауреат атандым. 4 жылдан кейін ұжым ауысты. Кейін Алматыда, Өскеменде, Петропавлда өткен байқауларға қатыстық. 20 жыл ішінде жүлделі орынды ешкімге бермедім.


 Владимир Верещагин барлық музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Ол тек талантты композиторлармен ғана емес, Ермек Серкебаев, Роза Рымбаева, Юрий Зайберт сияқты танымал вокалисттермен де өнер көрсеткен. Юрий Зайберт – Владимир Верещагиннің жақын досы, әрі әріптесі. Олар музыкалық училищеде кездесіп, 20 жыл бірге еңбек еткен.


 ЮРИЙ ЗАЙБЕРТ, КОМПОЗИТОР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Өңірімізде Владимир Верещагиндей талантты музыканттың болғанын мақтан тұтамын. Ол біздің арамызда ғана емес, осы салада жүрген көршілес елдердің музыканттарына да жақсы танылған. Верещагин сияқты музыкант болу үшін, көп ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ музыканы, дүниежүзілік өнер тарихын терең зерттеу қажет. Оның репертуарына Қазақстан мен Кеңес Одағының көрнекті композиторлары кірді. Әзірбайжандар, орыстар, қазақтар және татарлармен жұмыс істеді.


 16 шілдеде Владимир Верещагин 75 жасқа толды. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясында арнайы іс-шара өтіп, дирижерге Петропавл қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.