Петропавлдағы халықаралық форум сенбі күні де жалғасты. 600-ге тарта делегаттың басын қосқан бұл жиын қатысушылары үшін екінші күні сүт тауарлы фермасын салуға және дамытуға арналған қаржылық құралдар тақырыбында панельді отырыс өткізілді. Жиын барысында жан-жақтан келген кәсіпкерлер мен фермерлерге мемлекет тарапынан берілетін несиелер мен оны алу жолдары түсіндірілді.


Жылда облыста 200 мың тоннадан аса сүт өндіріледі. Бұл біздің өңірдің сүтті мал шаруашылығында көш бастап тұрғандығының бірден бір дәлелі.Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің мәліметінше биыл ел бойынша 65 сүт фермасы салынбақ. Оның 17сі Солтүстік Қазақстан бой көтереді деп жоспарланған. Бұл сүт өндіру қуаттылығын 61 500 тоннаға дейін арттырмақ екен.


МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Бұрын өңірдегі инвесторлар 2-3 жылға дейін мемлекет тарапынан несие ала алмай жүретін. Бұл уақыт ішінде инвесторлардың келісімшарттары бұзылып, барлығы қымбаттап кететін. Осы мәселелерді шешу мақсатында, біз агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды «Солтүстік ӘКК» арқылы жеңілдетілген несиемен қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Оның тиімділігін байқағандықтан 2021-2025 жылдардағы облысты дамытудың кешенді жоспарына да қостық. Екі жыл ішінде бұл жобаға республикалық бюджеттен 35 млн теңге бөлінді.


 «Солтүстік» ӘКК арқылы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырудың арнайы талаптары да бекітілген. Несие алу үшін кәсіпкер агроөнеркәсіптік салада 1 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, тұрақты табысы болуы керек. Және несие алу тарихыда тексеріледі. Бұл жобаға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер 3 кезеңнен өтеді.Егер, барлық талапқа сай келсе оған несие 4 пайызбен 8 жылға дейінгі мерзімге беріледі.


ОЛЖАС САҒЫНДЫҚОВ, «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚОРЫ» АҚ СҚФ НЕСИЕ МЕНЕДЖЕРІ:

- «Солтүстік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сайтында барлық конкурстар мен қаржыландырулар туралы ақпарат бар. Несие алушылар тиісті құжаттарды толық алып келгеннен соң, біздің мамандар талдау жасайды. Талаптарға сай келетін болса «Солтүстік» ӘКК басқару органдарына жіберіліп, несие берілу, берілмеуі шешіледі. Ұсынылған құжаттарды қарау мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды. Біздің мамандар несие алғаннан соң кәсіпкерлерге кеңес беріп, қолдау көрсететін болады.


 Панельді отырыс барысында келушілерге несие алу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ресми жиыннан кейін қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, агроөнеркәсіптік салаға қатысты жауаптарын ала алды. Екі күнге созылған халықаралық форум барысында жан-жақтан жиналған делегаттар облыс аудандарына барып, сүт фермаларының жұмысында көруге мүмкіндік алды.