Негізгі Жаңалықтар Құрылтай сайлауы: үгіт-насихат науқанының соңғы аптасы

Құрылтай сайлауы: үгіт-насихат науқанының соңғы аптасы

Құрылтай депутаттарын сайлау науқанының шешуші кезеңі басталды. Үгіт-насихаттың соңғы аптасында жеті партияның кандидаттары өңірлердегі жұмысын күшейтіп, тұрғындармен түрлі форматта кездесулер өткізуде. Кандидаттар еңбек ұжымдарымен жүздесіп, ауыл тұрғындарымен пікір алмасып, партиялардың сайлауалды бағдарламалары мен негізгі бастамаларын таныстыруда.

«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы өңірлердегі жұмысын жалғастыруда. Кандидаттар педагогтермен, өнеркәсіп жұмысшыларымен, спортшылармен, этномәдени бірлестік өкілдерімен және аграрлық сала мамандарымен кездесті. Сондай-ақ, Қызылжар, Мамлют, Шал ақын және Мағжан Жұмабаев аудандарында бірқатар кездесулер өткізілді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Тайынша ауданында көшпелі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Үгіт тобы Тайынша қаласы мен Келлеровка ауылында тұрғындармен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар ақпараттық материалдар таратылып, тұрғындардың ұсыныс-тілектері мен өзекті мәселелері тыңдалды. 

«Байтақ» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Петропавлда тұрғындармен кездесіп, экологиялық бастамаларын таныстырды. Партия өкілдері «Qyzyljar» экопаркінде ақпараттық материалдар таратты. Сонымен қатар Орман шағынауданындағы №28 мектеп маңындағы жағдайды тексеріп, оқушылар қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолы, тротуарлар, суағарлар және мектептің электрмен жабдықталуы мәселелеріне назар аударылды.

Қазақстан Халық партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы өңірде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Партия белсенділері тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Үгіт-насихат жұмыстары облыстың 10 ауданын қамтыды. Партия өкілдері тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелерін талқылады. 

«Ауыл» партиясы өңірде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. «Ауылым — әнім» акциясы аясында автобус бағытында қазақтың танымал және заманауи әндері орындалды. Сонымен қатар Ақжар және Уәлиханов аудандарында тұрғындармен кездесулер өткізіліп, партияның бағдарламасы мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Іс-шаралар барысында 11 мың үгіт-насихат материалы таратылды.

«Ақ жол» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары Петропавлдағы «Қызылжар су» және «Электр желілері» кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар қаңғыбас иттер мәселесі, қауіпсіздік шаралары мен Солнечный кентіндегі жолдың жағдайы туралы сұрақтар қойды.

«Республика» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Петропавлдағы «Петропавл электротехникалық зауытына» барып, өндірістің өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуде отандық кәсіпорындарды қолдау, кадр тапшылығы, өнім өткізу және әділ бәсекелестік мәселелері көтерілді. Сондай-ақ дайын өнім экспортын арттыру және мемлекеттік сатып алуда қазақстандық өндірушілерге тең мүмкіндік беру қажеттігі айтылды.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар