СҚО-да орман өрті бес есеге көбейді
Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 5 орман өрті тіркелсе, биыл жыл басталғалы оның саны 24-ке жеткен. СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өткен жылы мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 10 га алқапқа өрттен зақым келген. Салдарынан орман шаруашылығы 587 мың теңге шығын шекті.
Тіркелген бес өрттің төртеуі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде болса, біреуі — «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалы аумағында шыққан. Мұнда дала өрті 0,012 га аумақты шарпып үлгерген. Мамандар оның жайылуына жол бермеді. Жалпы төртеуі дала өртінің таралуынан, біреуі найзағай разрядынан болған. Ал биыл жағдай күрделірек. Осы күнге дейін облыста 24 орман өрті тіркеліп, зақымданған алқаптың жалпы аумағы — 63,5 га. Салдарынан орман шаруашылығына 6 млн теңгеге жуық залал келді.