Негізгі Жаңалықтар СҚО-да кене энцефалитіне шалдығудың 7 жағдайы тіркелді

СҚО-да кене энцефалитіне шалдығудың 7 жағдайы тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында кене белсенділігі әлі де жоғары. Жыл басынан бері өңірде кене энцефалитінің 7 жағдайы тіркелді. Абырой болғанда, бұл көрсеткіш былтырғы деңгейден асқан жоқ. Кене маусымы сәуірден қазанға дейін созылады, ал олардың ең белсенді шағы мамыр мен маусым айлары. Жыл басынан бері өңірде 766 адам кене шағуынан медициналық көмекке жүгінген, оның 217-сі 14 жасқа дейінгі балалар.

Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде 810 тұрғын дәрігерге қаралған еді. Мамандар табиғат аясына шыққанда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. Егер кене қадалып үлгерсе, оны өз бетінше жұлып алмай, бірден медициналық ұйымға барған жөн. Дәрігерлер жәндікті қауіпсіз алып, шұғыл профилактика жасайды. Емханаға бару мүмкіндігі болмаса, кеніні арнайы құралмен немесе пинцетпен теріге жақын жерден ұстап, абайлап суырып алу қажет. Шығарған соң орнын антисептикпен өңдеу керек. Ал жәндіктің өзін сараптамаға өткізу үшін сақтап қойған дұрыс. Ескеретін жайт кенені қолмен езуге, жұла тартып, ширатуға болмайды. Сонымен қатар үстіне май, спирт, вазелин, тырнақ бояғыш жағуға немесе күйдіруге қатаң тыйым салынады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды сақ болуға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар