Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында 250 орынға шақталған емхананың құрылысы басталды. Жоба құны 3,2 млрд теңге. Ел қазынасынан бөлінген қаржыға аудан орталығында жаңа медициналық мекеме бой көтеріп қана қоймай, қажет қондырғылар да сатып алынады. Бұл мақсатқа 700 млн теңге бөлінген.


 Аудандық емхананың іргетасы 1960-шы жылы қаланған. Қазіргі таңда мұнда 262 медицина қызметкері еңбек етеді. Ескі ғимаратта стационар мен емхана блогы біріктірілген еді. Енді ғана салына бастаған нысан бұл мәселені шешпек.


ЛИЛИЯ ФЕДОТОВА, УӘЛИХАНОВ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

-  Әрине, біз емхананың жаңа ғимараты салынып жатқанына өте қуаныштымыз. Қазір жұмыс істеп тұрған емхана толығымен стационар болмақ. Бұдан бөлек жақын уақытта арамызға 5 жас маман қосылады. Дәрігерлер мен науқастарға бар қолайлы жағдай жасалады.


Жаңа ғимараттың құрылысы биыл маусым айының басында басталды. Ел қазынасынан медициналық мекемені салып, оны қажет қондырғымен жабдықтау үшін 3 млрд 2 млн теңге бөлінді. Мердігер компания алматылық «Азамат Құрылыс» ЖШС-і.


ҚҰРМЕТ ҚАППАСОВ, УЧАСКЕ БАСШЫСЫ:

-  Жұмыстың басталғанына 1 ай ғана болды. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасын қалап жатырмыз. Кейін қабырлғаларын көтеруге кірісеміз. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Жалпы, құрылыс материалдарының барлығы отандық өнім. Нысанды қиындықтар болмаса келер жылдың қаңтар айында тапсыруды жоспарлап отырмыз.


 Бұдан бөлек аудан орталығында биыл жабық бассейн, жабық мұз айдынының құрылысы басталмақ.


АМАНГЕЛДІ ҚОЙШЫБАЕВ, УӘЛИХАНОВ АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

-  Бұдан бөлек, биыл 5 елді мекенде су мұнарасының құрылысы қолға алынбақ. Бұл мақсатқа 1 млрд 8 млн теңге бөлінді. Аудан орталығында 16 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ауданымызда құрылыс жұмыстары қыза түсті. Барлық нысандар уақытылы тапсырылады деп үміттенеміз.


 250 орынға шақталған екі емхананың құрылысы Петропавлда да жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұл медициналық мекемелер биыл қолданысқа беріледі.


Майгүл Сейілбек