Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен Петропавлда республикалық ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өтті. Облыстық С.Мұқанов атындағы ғылыми кітапханада өткен семинарға теолог дінтанушылар, психологтар мен құқық қорғау саласының мамандары қатысты. Кездесу барысында қоғамдағы дәстүрлі рухани құндылықтар мен бүгінгі күннің басты проблемалары талқыға түсті.
Дін тақырыбы қоғамның өзекті саласы. Әсіресе интернет кеңістіктегі қауіп-қатер күннен күнге өршіп барады. Семинарға қатысқан теологтардың айтуынша 2 жылға созылған пандемиядан соң, интернет кеңістіктегі қатерлер одан сайын белең алған. Атап өтер болсақ, өткен жылы 50 мыңнан астам экстремистік мазмұндағы ақпараттық-материалдар жойылған.
ЖАПАЛ ДОЛИЕВ , РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ:
- Жалпы іс-шараның мақсаты осы өңірдің тұрғындарымен және діни экстремизмнің алдын-алу жұмысына бағытталған мамандармен жүздесіп, қазіргі таңда осы саладағы өзекті мәселелерге, сын-қатерлер, жаңа жұмыс бағыттарындағы әдіс-тәсілдерді бөлісеміз. Сонымен бірге, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесіп, оларға діни экстремизмнің зияны-қаупі, олардан қорғанудың, алдын-алудың жолдарын түсіндіретін боламыз.
Семинар-жоба өңірде 1 апта бойы өтеді. Дін саласының мамандары теологтар мен психологтар 40-қа жуық түрлі форматтағы ақпараттық жұмыстарды жүргізеді. Олар негізінен қандастармен, оңтүстіктен қоныс аударған азаматтармен, «Серпін» бағдарламасының студенттері және имамдармен сұқбаттасады. Сондай-ақ, әйелдер қауымымен де теолог мамандар тілдесіп, дәстүрлі дін жайлы ой тарқатады.
АЙША КЕҢЕСБАЙ , РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ:
- Қазіргі мынау жат ағымдардан келетін сын-қатерлер төңірегінде, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Негізі қазіргі кезеңде ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттау маңызды. Себебі ақпараттық қоғам мен ақпараттық кезеңде барлығының қолында ғаламтор болғандықтан, жат ағымдар мен жат түсініктердің сенімді баурап алатын түсініктердің қаптаған заманы. Сондықтан өзіміздің елдігімізді, ұлттық құндылығымызды сақтау үшін осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды болып отыр.
Семинарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің мамандары да қатысты. Себебі еліміз бойынша діни-экстремисттік баппен сотталғандар түрмеде қалғандарымен бірге жазасын өтейді. Тиісінше олардың жат ағымдарды, діни алауыздықты өршіту қаупі зор. Айта кету керек, еліміз бойынша экстремизм және терроризм баптары бойынша 1000-ға жуық адам сотталған.
Жайна Шерниязова