31-ші мамыр ұлы дала ұлдарын жоқтап, аза тұту күні. Қазақ жеріндегі саяси куғын-сүргін өткен ғасырдың 20-шы жылдары зиялы қауым өкілдерін тұтқындаудан басталды. Солардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және жерлесіміз Мағжан Жұмабаев сынды алаштың арыстары да бар еді. Нәубет жылдары тек Қазақстанда ғана 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Облыс орталығында зарлы заманның зардабын шеккен құрбандардың есімдері жазылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.


 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 1997 жылдан бастап мамырдың соңғы күні осы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Сол кезден тоталитарлық режимнің құрбандарының есімдерін ақтау жұмысы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын аза тұту күнінде облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен өңірдің зиялы қауым өкілдері ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.


 30- жылдардың басында халық жауы атанып, ату жазасына кесілген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарында алыс-шалғай ауылдарда мал және егін шаруашылығымен айналысқан байлар баршылық. КСРО- да «байларды тап ретінде жою» мен жаппай ұжымдастыру науқаны жүргізілді. Қарсы шыққандар лагерьлерге қамалып, олардың мал-мүлкі талан-таражға түсті. 2020-шы жылы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, олар тоталитарлық режимнің құрбандарының есімін анықтап, ақтаумен айналысып келеді.


СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Біз 8 мыңнан астам адамның тізімін мемлекеттік комиссияның отырысында қарауға ұсындық. 2021-ші жылы «Қызылжардың шерлі тарихы» атты 3 томдық шығардық. Ал, 2022 ші жылы мемлекеттік комиссияның материалдарының жинағында 31 томның 3 томы осы солтүстік өңірдің комиссиясы дайындаған материалдар жинағы оның біріншісі ол Алаш қайраткерлеріне байланысты құжаттар, екіншісі әскери тұтқындар жинағы.


Комисся анықтағандай сотталғандардың басым бөлігі сол кездегі заңның 58-ші бабымен, контр революциялық қызметі үшін, Алаш қозғалысына қатысқаны үшін айыпталғандар, тәркілеуге ұшырағандар. Бұл қатарға сол кездегі бай-ауқатты жерлестеріміздің де есімдері кіреді. Солардың қатарында Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Аралағаш ауылының тумасы Құжабай Башшығұлов та бар. Әкесінің есімі жазылған тақтаға оның қызы Күлке әжеміз жылда келіп тұрады. Ақжаулықты анамыздың сөзіне қарағанда әкесі ол кездері ауыл болысы болған. 1930-шы жылдың тамызында бидайды уақытылы өткізбегені үшін ұсталып, 1937-ші жылы ату жазасына кесілген.


КҮЛКЕ ӘУБӘКІРОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

-  1937-ші жылы екінші рет конфескілеп үйімізді, малымызды бәрін сыпырып алып, түрмеге отырғызды. Мен 3темін, кішкенатймын. Кофискатетуге келгенде шешем айтады хозяйн келсін дейді. Сол кеткеннен әкем екі рет сотталды. Біреуі ашық екіншісі жабық болды. Күніміз жылаумен, аш-жалаңаш өтті.


 20 ғасырдың басында қазақ және өзге ұлт өкілдеріне «Халық жауы», «Ұлтшыл», «Жапон, неміс шпионы» деген жалған жала жабылды. Қазақстан аумағында «халық жауларын» қамаған 11 арнайы лагерь болған. Мұнда «ұлтшыл», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жалған жаламен 2 миллионнан астам адам аса ауыр жағдайда өмір сүрді. Тек 90-жылдары ғана нақақтан жала жабылған боздақтардың есімдері ақтала бастады.


Майгүл Сейілбек