Мамырдың 21-і халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосқан мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерейлі мерекесі. Осы ретте облыс орталығында өңір жетекшісі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Қазіргі таңда бұл салада 2 мыңнан аса адам еңбек етіп жатыр. Солардың 60-қа жуығы бүгін түрлі марапатқа ие болып, 10 жерлесімізге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді. Әріптесім Майгүл Сейілбек сабақтасын.


Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ҚР-ның Тұңғыш Президенті, елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 2013-ші жылдан бері тойланып келеді. Елдің өнер көшін алға ілгерілету және халықты рухани азықпен байыту үшін мәдениет саласында бүгінгі күні 2 мыңнан аса солтүстікқазақстандық жұмыс істейді. Өз ісінің шеберлерін төл мерекемен облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Сіздерді кәсіби мереке мәдениет және өнер қызметкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Әр халық өзінің мәдениетімен, руханиятымен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздің атын шығаратын мәдениет пен өнер деп айтқан болатын. Облысымыздың мәдениет пен өнерді дамыту, ұлттық мұрамызды әлемге таныту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық пен табыс тілеймін. Халықтың ыстық ықыласына ие болып жүре беріңіздер.


С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театрының жоғары дәрежелі актері Асылхан Разиев бұл күні «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.


 Жамбыл ауданы Баян ауылының тумасы Асылхан Разиев өнер саласында жүргеніне 15 жыл.Бала кезінен театр сахнасында өнер көрсетуді армандаған актер өнер колледжінде білім алды. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында 2009-шы жылдан бері екбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында 100ге жуық түрлі рөлді сомдаған саңлақ кәсіби мерекеде еңбегі елеңіп жатқанына қуанышты.


АСЫЛХАН РАЗИЕВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕЛІ АКТЕРІ:

-  Бүгінгі таңда бұл үлкен сый біз үшін. Еңбегіміз бағаланып жатыр. Былайша айтқанда бірнеше жыл қызмет етіп жүресін.Бірақ еңбегін бағаланып жатырма сондай ой келеді ғой. Қуаныштымын бізідң еңбегімі ұмыт қалмай елеңіп жатқанына. Менімен қатар бьасқа да әріптестеріме құттықатймын шын жүректен.


 Бүгінгі күні мәдениет пен өнер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Облысымыздың мәдени өмірінде де оң өзгерістер бар. Солтүстік Қазақстанға бұл салаға арнайы гранттар бөлініп, болашақ мамандар еліміздің 5 жоғары оқу орнында білім алуда. 2025 жылға қарай мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өседі. Биыл алғаш рет мәдениет саласының ардагерлеріне Қазақстандағы шипажайларға тегін жолдамалар беріледі.Сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың шетелге гастрольдік сапарға шығуына қомақты қаржы бөлінді. Қазақ сазды-драма театры Грузияға, «Sensitive» би театры Испанияға аттанады. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері Оңтүстік Корея мен Италияда көрермендер алдында өнер көрсетеді.


 Шалғай аудандарда өнерді дамытуға зор үлес қосып жүрген мамандар да түрлі марапатқа ие болды. Елдің атын шығаратын негізгі екі сала бар олар: мәдениет пен спорт. Сондықтан да халқымыз өнерпаздарын әрдайым құрмет тұтқан. Мереке облыс өнерпаздары және Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» әртістерінің қатысқан концерттік бағдарламамен жалғасты.


Майгүл Сейілбек