"Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" — СҚО полицейлері жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған өз жобасын осылай атады. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі әзірлеген бейнематериалдан біле аласыздар.
Отбасылық құндылықтар жаман ықпалдан қорғайтын алғашқы қорғаныс. Отбасының маңыздылығын атап өту үшін полицейлер облыстық әкімдіктің білім басқармасымен бірге "Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" атты жобаны іске қосты.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
- "Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" атты үздік оқушылар мен студенттер туралы жоба аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері білім басқармасымен бірлесіп бүгін отбасыларға барып, ата-аналарын алғыс хатпен атап өтті
17 жасар Ержан Молдаш бесінші сыныптан бастап дзюдомен айналысады. Ол 22 спорттық медаль, көптеген грамота мен дипломдардың иегері. Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президентінің медалімен марапатталған оқу үздігі. Тәртіп сақшылары Ержанның отбасына барып, ата-анасына алғыс білдірді.
АЙНАГҮЛ БАҒРАМОВА, ЕРЖАННЫҢ АНАСЫ:
- Мен Ержанды ата-анамды, жақындарымды, достарымды құрметтейтін мейірімді, жанашыр бала қылып тәрбиелеп жатырмын. Өмірде қандай жағдай болса да, мен оның әрқашан тәртіпті адам болғанын қалаймын. Бұл - біздің отбасымыздың ұраны.
Ержанның анасының пікірінше, спорт ең жақсы қасиеттерді дамытуға ықпал етеді.
АЙНАГҮЛ БАҒРАМОВА, ЕРЖАННЫҢ АНАСЫ:
- Үлкен ұлым бокспен айналысып, жүлделі орындарға ие болды, ортаншы ұлым футболмен айналысты, ал Ержан-дзюдо, қазақ күресі сынды спорт түрлерімен айналысады. Бала отбасында не көрсе, ертең есейгенде соны қайталайды.
Тәртіп сақшылары облыстың үздік оқушылары мен студенттерін тәрбиелеген отбасыларды одан әрі атап өтуді жоспарлап отыр. Өтпелі жаста жасөспірімдер ата-аналардың қолдауы мен түсінуіне мұқтаж. Полицейлердің жобасы осы идеяны насихаттауға арналған