Облыста құқық қорғау органдарының өкілдері арасында "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадасы жалғасуда. Спартакиаданың екінші түрінде қай команданың үздік атанғанын облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірлеген бейнематериалдан біле аласыздар.


Бұл жолы облыстың құқық қорғау органдарының қызметкерлері волейбол алаңында үздікті анықтау үшін "Динамо" стадионына жиналды. Бұған дейін облыс аудандарында іріктеу жарыстары өткен болатын.


 Ерлан Қабдуалиев, СҚО ПД АРНАЙЫ ЖӘНЕ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЯРЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

- Облысымыздың барлық күш құрылымдары арасында жарыс өткізілуде. Бұл жарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салты және дене шынықтыру дайындығын арттыру және волейбол ойыны – бұл командалық ойын болғандықтан, өзара команданы ұйымдастыру, ұжымдастыру, өзара бір-бірін түсіну болып табылады.


Жарыстың қорытындысы бойынша үшінші орынды қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері иеленді. Олар жартылай финалға дейін жеткен Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамасын жеңді. Облыстық полиция департаменті аппаратының қызметкерлері дүбірлі додада топ жарды. Олар өздерінің негізгі спорттық бәсекелестері-ҚР Ұлттық ұлан академиясының құрамасымен кездесіп, 2:0 есебімен бірінші орынды иеленді.



ӘЛИ БАЗАРҚАН, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ:

- Біз ДУИС командасымен ойнап, оларды 2:0 есебімен ұттық және жартылай финалда біз қалалық департамент полициясымен тартысқа түстік және оларды 2:0 есебімен ұтып, финалғанөттік. Осы финалда полиция департаментімен ойнап, өте тартымды ойын болды. Бірақ, 2:0 есебімен жеңілдік. Алдағы уақытта, енді осындай жарыстарға қатысып отырамын деген үміттемін.


Барлық жүлдегерлерге кубоктар мен грамоталар табысталды. Енді құқық қорғау органдарының алдында спартакиаданың үшінші түрі-Президенттік шақырым күтіп тұр.