Облыстық әкімдік отырысында су тасқыны және көктемгі әскерге шақыру науқаны мәселелері талқыланды. Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров ветеринария басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Енді жауапты қызметті Жанат Әміржанов атқарады. Ол бұған дейін 11 жыл Шал ақын ауданындағы ветеринарлық станцияның директоры болған. Тағайындаудан кейін ТЖД бастығы Рамиль Камалов су тасқыны бойынша баяндама жасады.


 РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

- 28-ші наурыздағы жағдай бойынша өңірде 622 мың текше метр қар шығарылды. Қазіргі таңда облыста алқаптарды қарайту және суағарлар мен арықтарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. 426 тұрғын үйдің ауласында су сору жұмыстары жүргізілді. Аталған шаруа Петропавлда қызу атқарылуда. Облыс орталығында 46 мың, ал Қызылжар, Есіл, Уәлиханов, Мамлют және Тайынша аудандарында 16 жарым мың текше метр су сорылды.


 Өңір жетекшісі бұл бағыттағы жұмыстарды Жамбыл мен Ақжарда мықтап қолға алу қажет деді. Аталған аудандарда ылғал қоры аз. Бірақ, су сору мен қар шығару жұмыстары ақсап тұрған көрінеді. Ал Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Айыртау және Тимирязев аудандарында керісінше сценарий. Мұнда ылғал нормадан тыс.


РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

- Техника дайын тұр. Аудан әкімдерімен алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Қазір маңызды шаруа "Солнечный" кентінде қызу жүргізілуде. Істі тежеп тұрған қиындықтар бар. Облыстық және республикалық жолдардың кейбірі тазаланбаған. Бірақ, жауапты тұлғалар тазаланған деп баяндама жасайды".


 Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, наурыздың 31-не дейін өңірде төмен температура байқалады.


ҚЫМБАТ МЕРҒАЛИМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

- Сәуір айының басында өңірде күн жылынады. Түнде ауа температурасы -1 мен +4 аралығында болса, күндіз +14 грудусқа дейін барады. Осыған байланысты сәуірдің 2-сі мен 5-сі аралығында қар күрт еріп, өзен-көлдердегі су деңгейі көтеріледі деп күтілуде.


Баяндамалардан кейін аймақ басшысы қала және аудан әкімдерін сынға алды. Айдарбек Сапаровтың сөзінше, еріген қар суы жолдарды шаюда және аулаларға кіруде. Ал сору жұмыстары баяу жүргізілуде. Шағымдар облыс орталығының тұрғындарынан көптеп түсіп жатыр.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Ақпан айында қала және аудан әкімдеріне су басудың алдын алу бойынша біраз тапсырмалар берген болатынмын. Бірақ, жұмыстары сапалы және дұрыс орындалмады. Интернетке аудан және қала тұрғындарының шағымдары түсіп жатыр. Әр ауданда су тасқынына қарсы жұмыс жоспары бекітілген. Бірақ, оның шеңберінде шаралар уақытында қабылданбады. Қаражат бөлініп, техникалар алынып жатыр. Бірақ, жұмыс деңгейі төмен. Жұмысты күшейту керекпіз. Барлық техника мен жұмыс күшін қолдануымыз керек. Жауапкершілік танытып, қажетті шараларды алдын ала жоспарлап, ұйымдастыру қажет. Кеше қалада біраз шағын ауданды араладым. Біраз жұмыстар шешілмей жатыр. Қала әкіміне әр ауданға бір басшы қою керек. Сол халықпен жұмыс істеу керек. Әкімдікпен байланыс болу керек.


 Қазіргі таңда еріген қар суымен күреске Петропавл бойынша 118 адам мен 47 техника жұмылдырылған. "Коммуналдық қызметкерлер күніне 50 мың текше метрге тарта су сорады. Ал суағарларды тазалау бойынша жағдай тұрақты",- дейді Руслан Аңбаев.


РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

-  "Жұмысшы" кентінде су деңгейінің төмендеуі байқалады. Жеке секторларға мониторинг жүргізіліп отырады. Бұл жұмыстар "Солнечный", "Ойқала" мен "Жас Өркенде" де атқарылуда. Қазіргі таңда "Солнечныйда" еріген қар суын ағызу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы суағарлар орнатылған жерлерге сору құралдары қойылды. Жағдай тұрақты.


Екінші мәселеге көшейік. Қазіргі таңда өңірде 16 мың әскерге шақырылушы бар. Бірақ, Отан алдындағы борышын өтеуге 2,5 мың ғана жігіт жарамды. 1 мыңға тарта солтүстікқазақстандыққа іздеу салынған. Осы көктемде ҚР ҚК қатарына 550 жерлесімізді қосу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін тиісті жоспардың 50% орындалыпты.