Байқаған болсаңыздар қазір көпшілік үй жануарларын ұстауға тырысады. Тұрғындар ит, мысықтардан бөлек түрлі экзотикалық жануарларды да асырай бастаған. Біздің кезекті кейіпкеріміз шаһар тұрғыны Тагир Рамазанов өзінің пәтерін кішігірім экзотариумге айналдырған екен. Сюжетке зер салайық.
Бұл - Тагир Рамазановтың аядай ғана пәтері. Бір қарасаң тропикалық көрмеде жүргендей әсер аласың. Ауыл баласы экзотикалық жануарларды өсіруге бала күнінен құштар болған. Алғаш даладан кесіртке ұстап әкеліп, кейін тотықұс, саламандра мен балықтарды өсірген. Бүгінде оның үйінде жолбарыс питоны, жүгері және шошқа мұрынды жылан, геккон кесірткелері мен 20-дан аса бүйі бар.
ТАГИР РАМАЗАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Оқуда жүргенде хоббиіммен айналысуға уақыт табыла бермейтін. 13 жыл темір ұстасы болып жұмыс істедім. Бала кезімнен пиранья асырауды армандайтынмын. Ретін тауып, 10 жыртқыш балық сатып алдым. Олардың қатарына мадагаскарлық тарақан, құсжегіш өрмекші, сарышаян, питон қосылды. 2021 жылы қалада экзотариум ашып, ютуб арнамды дамыттым. 22 500 оқырманым бар. Тұрақты келушілер аз болғандықтан экзотариум жабылып қалды. Ондағы жануарлардың бір бөлігін пәтеріме әкелдім, қалғаны Мамлют ауданындағы анамның үйінде.
Бұл Варан. Африка, Азия және Аустралияда кездесетін тұрқы ірі, бауырымен жорғалаушы. Түрі сұсты кесіртке қазір Тагирдің анасының үйінде мекендейді. Жалғыз емес жанында жыртқыш пираньялармен, боа императорлық жыланы бар. Бір қызығы кейіпкеріміздің отбасы мүшелері экзотикалық жәндіктерден қорықпайды. Керісінше Тагирге жәрдемдеседі.
АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ:
- Жолбарыс питоны әдетте Үндістан, Пәкістан мен Бутан ормандарын мекендейді. Ол улы емес. Сондықтан оны осылай емін-еркін ұстауға болады. Мұнда бұдан басқа жыланның тағы бірнеше түрі бар.
Тагир Рамазанов жануарлардың көбін интернет арқылы тапсырыс беріп алған. Жыланды алғаш рет Омбыдан әкеліпті. Қазір оның пәтерінде өрмекшінің бірнеше түрі өсіріледі. Ерекше хобби иесі алғашында улы бүйінің екеуін ғана сатып алған. Араға біраз уақыт салып олардың саны 20-ға дейін жеткен.
ТАГИР РАМАЗАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Менің қолымдағы құсжегіш өрмекші. Олардың негізі мекені – Мексика. Улы. Бірақ оған қауіп төндірмесеңіз сізге еш зияны жоқ. Мұқият қарасаңыздар денесі түкті. Егер қауіпті сезетін болса түгі көтеріліп шыға келеді. Бұл өрмекші өскенде екі есе үлкен болады.
Әр жәндік ерекше күтімді қажет етеді. Мәселен мынадай жыланды жуындырып тамақтандырудың өзі үлкен жұмыс. Кесірткелер отрядының бір тұқымдасына жататын геккондар мен өрмекшілер казафобс деп аталатын құрттармен не басқа да ұзақ жәндіктермен қоректенеді. Жыландар болса теңіз қоянын егеуқұйрықты жейді, ал сүйкімді қоян мен атжалмандардың тамағы - өсімдіктер мен көкөністер – дейді кейіпкеріміз.