Қазақстан және Саха Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Максим Аммосовтың 125 жылдық мерейтойына орай Петропавлда халықаралық конференция өтті. Жиында бас қосқан ғалымдар мен белгілі тұлғаның туған-туысқандары Максим Кирович туралы баяндамаларын оқып, өз естеліктерімен бөлісті.


 Қоғам қайраткері Максим Аммосов 1897-ші жылдың 22-ші желтоқсанында Саха республикасында дүниеге келген. 1915-1918 жылдар аралығында Якутскідегі мұғалімдер семинариясында, 1930-1932 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессура институтында білім алған. 1917-ші жылы Ақпан және Қазан төңкерістеріне қатысып, Якутияда Кеңес өкіметін орнатуға сеп болды. Кейін 1932-1936шы жылдар аралығында Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысы комитеттерінің бірінші хатшысы болды. Осылайша Қазақстан Максим Кировичтің екінші отанына айналды.


АННА АТЛАСОВА, САХА РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Біз якут халқының көрнекті ұлы, мемлекет қайраткері Максим Кирович Аммосовты құрметпен еске аламыз. Ол 1934-ші жылы СҚО партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. Өнеркәсіп индустриясын құруға, Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосты. Менің ойымша, бұл қазіргі ұрпаққа үлгі.


 Халықаралық конференцияға Максим Аммосовтың немере жиені Яна Корякина да қатысты. Әйел белгілі тұлға туралы туған туысқандарынан естіген естеліктерімен бөлісті.


ЯНА КОРЯКИНА, М.АММОСОВТЫҢ НЕМЕРЕ ЖИЕНІ:

-  Менің атам мен Максим Кирович туған бауырлар. Бала кезімде Максим атамыз туралы көп айтпайтын. Оған белгілі себептер бар. Дегенмен үлгі тұтар тұлға болғанын жақсы білемін. Адамдарды ұлтқа бөлмеген. Халықтың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп, Қазақстан мен Саха республикаларына көп еңбек сіңіргенін де білеміз. Атамызыдң туған ауылы Хатырықта мемлекеттік мұражай бар. Осындай тұлғанын ұрпағы болғанымды мақтан етемін.


 Максим Аммосов брнеше жыл бойы Солтүстік Қазақстанда еңбек етті. Бұл жақта мал және егін шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ босқындарын өз мекендеріне қайтарып, баспана және жұмыс мәселесін шешуге көмектесті. Бұдан бөлек сауат ашу, оқу-тәрбие ісін, ел мәдениетін көтеруге үлкен көңіл бөлді.Сол себепті облыстық архивте қоғам қайраткеріне қатысты тарихи құжаттар көптеп сақаталуда. Осы ретте конференцияға қатысушыларының назарына «Аңызға айналған Максим» атты көрме де ұсынылды.


ЗӘМЗӘМГҮЛ ЗӘКІРИНА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Біздің архивте Максим Кирович өз қолымен автобиографиясын жазған құжат сақталған. Бұдан бөлек қарапайым жұмысшылармен алмасқан хат-хабарлары баршылық. Бұл оның халыққа жақын болғанын, оларға жаны ашығанын көрсетеді.


Конференция барысында Максим Аммосовтың қос мемлекеттің дамуына қосқан елеулі үлесі туралы бірқатар баяндама оқылды. Жалпы, Саха және Қазақстан арасында тығыз достық қарым-қатынас орнаҒАН.



Майгүл Сейілбек