Отан соғысына елімізден 1 млн 200 мың азамат аттанып, майданның барлық ауыр жүгін көтерді. Солардың қатарында Ғабдулкәрім Мүслімов те бар. Ол Мағжан Жұмабаев жырлаған Сасықкөл мекенінде 1920 жылы дүниеге келген. Балалық шағы ел басына күн туған кезеңге сәйкес келген. Еңбек жолы 16 жасында 1936 жылы басталды. Айта кетейік, ол ауылшаруашылығы механизациясында оқыған алғашқы қазақтардың бірі. Ғбдулкәрім Отан соғысына майдандағы ахуалдың ең қиын кезеңінде аттанды. Бұл кезде Герман әскерлері үсті үстіне жеңіске жетіп жатқан болатын. Жаужүрек азамат әскер қатарына 1942 жылы шақыртылған.
Украин майданында Ғабдулкәрімге аса жауапты қызмет барлаушы болу бұйырыпты. Ол бұл жауапты істі үлкен абыроймен атқарды. Бұл ұрыста ол жараланады. Бірақ, хас батыр бұған мойымады. Батырлығы мен үйлестіру қабілеті үшін оған 1944 жылы «Даңқ» ордені берілді. Жауынгер майдан жолын Берлинде аяқтады. Бірақ, елге тек 1946 жылы ғана оралды.Туған жеріне келе сала жарақатына да, марапатына да қарамастан комбайнер болып жұмыс істеді. Табанды еңбегі мен білімінің арқасында колхоздың партиялық ұйымының хатшылығына дейін көтерілді. Артына өшпес із қалдырған батыр азаматтың ғұмыры қысқа болды. Аштық жылдарының тауқыметі, сұм соғыс пен солақай саясатты көрген Ғабдулкәрім Мүслімов 1976 жылы өмірден өтті.